Биыл 4 мың отбасы ұзақ жыл күткен 30 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Биыл Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй аяқталады. Осылайша 4 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерлеріне кіре алады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзақ құрылыстарды аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осыған дейін 150-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің ішінде 120-сының құрылысы аяқталған болатын. Биыл 30-дан астам ұзақ құрылысты аяқтаймыз», деді әкім.
Құрылыстың ұзаққа созылуына әртүрлі жағдай әсер еткен. Мысалы, «Тұран Сығанақ» тұрғын үй кешені 6 жыл бұрын проблемалы деп танылып, үйдің блоктары бірнеше қабатқа ғана көтеріліп, кейбір блоктарында жұмыс тіпті басталмаған. «Арыстан блок 1» тұрғын үй кешенінің құрылысы болса, 11 жыл бұрын басталып, аяқталмаған. Ал «Хазар» тұрғын үй кешенінің құрылысы үш қабат деңгейінде тоқтатылған. Шаһар басшысы бұлардың әрқайсысына қатысты нақты іс-шаралар жоспарын қолға алғанын хабарлады.
Қала әкімі сондай-ақ құрылыс компаниялары заңнамада көзделген қатаң критерийлерге сәйкес белгілі бір жағдайларда ғана үлескерлердің қаражатын қабылдай алатынын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алған мердігерлер мен екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысқан компаниялар тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын ала алады.
Сондай-ақ, қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс мердігердерінің «қара тізімі» жарияланып отыратынын жеткізді.