Фото: kursiv.media
30 маусымдағы бірлескен отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қос палатының жұмысын қорытындылады.
Ерлан Қошанов сессия кезінде маңызды заң жобалары қабылданғанын атап өтті.
«Осымен сегізінші сайланған Қазақстан парламентінің бірінші сессиясын жабық деп жариялаймын», – деді Мәжіліс төрағасы.
Қошанов былтыр Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдағанын, жаңарған Конституция бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашқанын айтты.
«Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік. Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті. Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды. Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды. Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды. Сенаттың құрылымы өзгерді. Қазақстан халқы ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды. Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды. Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті», – деді Қошанов.
Ол сондай-ақ бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болғанына тоқталды.
«Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді. Сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда ең жас Парламент деп атауға болады. Жасы әлі 35-ке толмаған 13 депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етіп отыр», – деді Мәжіліс төрағасы.
Жаңадан сайланған депутаттардың бірінші сессиясы небәрі 100 күнге созылды.
«Қысқа болғанымен, атқарылған міндеттер бойынша бұл сессияның жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болды.Бұл сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды. Қазіргі сайланымның басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобаларының депутаттардың бастамасымен әзірленуі. Депутаттар бастамашы болған заң жобаларына сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, ел президентінің тапсырмалары арқау болды», – деді Қошанов.