Алматы қаласы экология департаментінің мәліметінше, Алматыда осы жылдың өзінде ғарыштан түсірілген суреттердің көмегімен рұқсат етілмеген алты қоқыс орны анықталды.
Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта олардың барлығы жойылды. Өткен жылы 12 рұқсат етілмеген қалдықтар орны анықталған. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде айтылды.
«ҚазақстанҒарышСапары «ҰК» АҚ Геосервисінің деректеріне сәйкес Алматы қаласының аумағында 2022 жылы 12 рұқсат етілмеген түрмыстық және құрылыс қалдықтар орны анықталды, сонының ішінде Медеу ауданында рұқсат етілмеген қалдықтар орны 8 нүкте, Түрксіб ауданында 2 нүкте, Алатау ауданында 2 нүкте тіркелді, жергілікті атқарушы органдардың күшімен аталған 12 орын да тазаланып, қоқыстар қала шетіне шығарылды. «ҚазақстанҒарышСапары» ҰК» АҚ геосервисіндегі жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда», – деді брифингке келген Алматы қаласы бойынша Экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ерлан Жақиянов.
Департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Нұржан Бөлекбаевтың сөзінше, 2019 жылы Алматыда 86 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны тіркелсе, 2020 жылы 24, 2021 жылы – 17 орын анықталды.
«Олар негізінен қалаға жаңадан қосылған аумақтарда болған. Апаттық полигондар қоқыс шығаратын компаниялар мен қоқыс шығарумен айналысатын жеке тұлғалардың жауапсыз жұмысынан пайда болады. Зерттеу нәтижелері бойынша департамент әкімдерге хат жолдады, сондықтан бүгінгі күні барлығы жойылды», – деді ол.
Спикерлерлің айтуынша, Департамент апта сайын Алматы қаласының аудандары бойынша әкімдіктермен бірлесіп рейдтер өткізеді және стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылдауда.
Сонымен қатар, Экология департаменті заңсыз қоқыс полигондарын анықтауда алматылықтардан көмек сұрайды. Тұрғындар қала аумағында орынсыз жерде қоқыс шығарылғанына куә болса немесе қоқыс тастайтын жерлерді тапса, 239-11-03, 239-11-05 телефон нөмірлері бойынша хабарлай алады.