Тұрғындарды «Qnet» пирамидасына тартып, 46 млн теңге шығын келтірген Қызылордалық ұсталды
Фото: kursiv.media
«Qnet» қаржы пирамидасын Қызылорда облысы аумағында құрып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттіктің хабарлауынша, күдікті 2020-2021 жылдар аралығында қаржы пирамидасын құрып, оның қызметіне 38 адамды қатыстырған. Қаржы пирамидасынан зардап шеккен адамдардың қаржылық шығыны 46 млн теңгені құраған.
«Соттың санкциясына сәйкес, ол «күзетпен ұстау» түріндегі шарамен 2 ай мерзімге қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», делінген агенттік хабарламасында.
ҚР ҚПК-нің 201 бабының талаптарына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Айта кету керек, Qnet компаниясын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізген болатын.
Наурыз айының соңында Алматыда Qnet қаржы пирамидасының тағы бір ұйымдастырушысы ұсталған еді.
«Ол азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөлді. Айта кету керек, «Qnet» қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылған. Бірқатар шет елдерде «Qnet» компаниясы қаржы пирамидасы болып танылды,» делінген хабарламада.
Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Осыған дейін Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Chia Tai Tianging Group» қаржы инвестициялық пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Бұл қаржы пирамидасына Шымкенттің 40-тан астам тұрғыны 83 млн теңге салған.
Ал қаржы пирамидасы Mudarabah Capital-ға қатысты сот үкімі шығып қойды. Сот қаулысымен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, атап айтқанда, 217-бап – «қаржы пирамидасын құру және басқару» және 262-бап – «ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және басқару» бойынша кінәлі деп танылды.
Вайнерлер тек 217-бап бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен күдіктілерге бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдері тағайындалды.