Қымбат көлік, қол сағат: тәркіленген мүліктерді сатылымға шығару тәртібі қандай?

Жарияланды
коллаж unsplash

Қаржы министрлігі тәркіленген мүлікті сату мәселелеріне қатысты ақпараттық хабарлама жариялады.

Атап айтқанда, министрлік тарапынан тәркіленген мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізетін бұйрық жобасы әзірленіп жатыр. Оған сәйкес, мемлекеттік мекемелерге ұсынуға жатпайтын мүліктердің тізімі жасалатын болады.

Министрлік сонымен қатар, БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде қымбат көліктер, қол сағаттары, секілді тәркіленген мүліктердің  мемлекеттік мекемелерге берілуі жөніндегі мәселенің жиі көтерілітініне назар аударады.

«Осыған байланысты, Қаржы министрлігі нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізуді көздейтін бұйрықтың жобасын әзірледі. Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 227 бұйрығымен бекітілген Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізіледі. Қазіргі уақытта НҚА жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Жақын арада аталған бұйрық қабылданғаннан кейін, мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне ұсынуға жатпайтын тәркіленген мүліктің тізілімі болады. Бұл тізілімге енгізілген тәркіленген мүлік бағалаудан кейін сатуға қойылады» делінген хабарламада.

Жалпы, елімізде 2015 жылдан бастап, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мүлікті тәркілеу аясында қолданыстағы заңнама шеңберінде іс-шаралар атқарылуда. .

«Қолданыстағы тәртіпке сәйкес мемлекет кірісіне айналдырылған мүлік бірінші кезекте мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың теңгеріміне бекіту үшін ұсынылады. Бұл норма, мемлекеттік заңды тұлғалардың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автомашиналар паркін (қызметтік, кезекші, арнайы) жаңартуды жүзеге асыру үшін бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында көзделген», делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік органдардың мүліктің қажеттілігі туралы өтініштерін Комитеттің аумақтық бөлімшелері зерделеп, берілетін мүлікке қажеттілік және өндірістік қажеттілік болған кезде мүлікті беру, мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне бекіту, олардың веб-порталда тіркелетін электрондық өтініші негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік заңды тұлғалар өтініштер ұсынбаған, не мүлікті мемлекеттік меншікке берудің экономикалық орынсыздығы жағдайында мүлік сауда-саттыққа шығарылады.

Сонымен қатар, интернет жүйесінде E-Qazyna.kz порталында тәркіленген мүлік аукциондық саудаға шығарылады. Оған Қазақстан азаматтары да қатыса алады.

Сондай-ақ оқыңыз