«Самұрық-Қазына» PSA мемлекеттік компаниясын 1 теңгеге сатқан
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры PSA компаниясының 100% акцияларын «Samruk-Kazyna Trust» корпоративті қорына сатқан. 2022 жылдың соңында жасалған мәміле құны 1 теңгені құрады. Бұл туралы Қордың қаржы есебінде айтылған, деп жазады Kursiv.media.
Энергетика министрлігінің атынан өкілдік етуге құзыреті бар мемлекеттік компания «Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі болатын.
«Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бейкоммерциялық ұйым және «Самұрық – Қазына» компаниялар тобына бағынышты емес. Нәтижесінде топ PSA компаниясына бақылауды жоғалтты», делінген қордың есебінде
PSA мемлекеттік компаниясы 2010 – 2016 жылдар аралығында Солтүстік-Каспий және Қарашығанақ жобаларындағы өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша өкілетті органның қызметін атқарып келген еді. 2016 жылдың маусым айынан бастап компания Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысы негізінде өкілетті органның қызметін атқара бастады.
Компанияның 2022 жылғы (қаңтар айынан 20 желтоқсанына дейін) шығыны 9,05 млрд теңгеге жеткен. Активтерінің құны 4,6 млрд теңге, міндеттемелері 2,7 млрд теңгені құрады.