Қостанайда әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды Украинадағы соғысқа қатысуға шақырған

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қостанай облысының прокуратурасы соңғы уақытта облыс аумағында Украинадағы қарулы қақтығысқа Ресей тарапынан қатысу үшін жергілікті тұрғындарды үгіттеу әрекеттері тіркелгенін мәлімдеді.  

Осыған байланысты прокуратура әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар, жарияланымдар, бейнесюжеттер, посттар, пікірлер жариялауда абай болуға шақырды.

Прокуратура Қазақстан азаматтарын қақтығысқа қатысуға шақырумен, қасақана арандатушылық сөздермен және екі тарап азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар көрінеу жалған ақпарат таратып жіберетін жағдайлардың көп кездесетінін, онда еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулер жасалатынын ескертеді.

«Бұл әрекеттерге Қазақстан Конституциясымен, біздің ел қатысушы болып табылатын жалпыға бірдей танылған халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен үндеулерге берілмеуге шақырамыз», делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысуы, сол сияқты ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмаушылық пен бөлінбеушілікті бұзуға жария түрде шақыру әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 172, 174, 180-баптары бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз