Алматыда тәуліктің кез-келген уақытында дайын болған құжатты алуға болатын ХҚКО ашылды
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда күніне 3 мың адамды қабылдайтын жаңғыртылған ХҚКО ашылды. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа ХҚКО-ға Алматы әкімі Ерболат Досаев, ҚР цифрлық даму министрі Бағдат Мусин және мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин барып, жұмысымен танысқан.
Бұл қызмет көрсету орталығы халыққа ыңғайлы етіп жасалған. Көмек алуға келген азаматтар кезекте көп тұрмауы үшін ХҚКО арнайы аймақарға бөлінген. Мәселен, байланыс аймағында клиенттер қызметті өздері ала алады. Мұнда смартфон арқылы қызметті қалай алуға болатыны үйретіледі. Ал әлеуметтік қызмет көрсету, құжаттау және дайын құжаттарды беру бөлімі мен балаларға арналған арнайы бұрыш бар. Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін – пандус пен арнайы қызмет көрсететін жеке сектор қарастырылған.
Орталықта инновациялық жаңалықтар да жоқ емес. Жаңғыртылған ХҚКО-да тәулік бойы жұмыс істейтін 33 ұяшықтан тұратын постамат ашылды. Бұл жерден азаматтар тәуліктің кез-келген уақытында дайын болған құжатын ала алады.
Жыл басынан бері тұрғындарға бір жарым миллионға жуық қызмет көрсетілген. ал жаңғыртылған ХҚКО күніне 3 мыңнан астам адамды қабылдай алады.