Алматының таулы аймақтарында 52 нысан заңсыз салынған
Фото: kursiv.media
Алматының таулы аймақтарында 52 нысан заңсыз салынған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы әкімдігімен бірлесіп әкімдіктің, сәулет және құрылыс саласындағы құрылымдық бөлімшелердің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауы барысында белгілі болды.
Талдау ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкелетін заңнамадағы қайшылықтарды көрсеткен. Талдау барысында қала құрылысы құжаттамасының жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарына сәйкес келмегені, құрылыс объектілерінің келісілген жобалау құжаттамасынан ауытқуы анықталған.
«Тау бөктерінде құрылыс салу проблемалары бойынша бүгінде 52 заңсыз объект анықталды, олар бойынша шұғыл әкімшілік шаралар қабылданды. Бастапқы құжаттарды бұзу және жою туралы сот ісі қозғалды, кінәлі адамдар жауапқа тартылды«, делінген хабарламада.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес Алматы қаласының әкімдігі жер комиссиясы институтын таратады. Барлық қала құрылысы регламенттері, жер учаскелері және инженерлік желілердің қолжетімділігі туралы ақпарат қаланың цифрлық картасына енгізілген және бизнес пен халық үшін ашық қолжетімді болады.