Фото: kursiv.media
Еліміздің екі қаланың басшылығында кадрлық өзгеріс болды. Петропавл қаласының әкімі болып Серік Мұхамедиев тағайындалды, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Серік Махсұтұлы Мұхамедиев Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Серік Мұхамедиев Солтүстік Қазақстан облысы Ғабита Мүсірепов ауданының әкімі қызметін атқарған болатын. 2016-2021 жылдар аралығында құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болды.
2010-2016 жылдары – Жоспарлау және сметалық-шарттық жұмыс бөлімінің бас маманы, жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Сонымен бірге Талдықорған әкімдігінің баспасөз қызметі Әсет Масабаев қызметінен босатылды, деп хабарлады. КазТАГ басылымы Талдықорған қаласының әкімі болып Әсет Масабаевтың орнына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл келді деп хабарлады.
Қызметінен босатылған Масабаев Талдықорған қаласының әкімі болып 2022 жылдың наурыз айында тағайындалған. Ал Ернат Бәзіл 2023 жылдың ақпанында Жетісу облысы әкімінің орынбасары қызметіне орналасқан.