Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы жекеменшік қонақүй қызметіне қатысты наразы пікірлер айтылып келеді. Оған қатысты «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Әділхан Батанов түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желіде қызметі талқыланып жатқан «Көлсай Nomad» қонақ үй кешені. Бұл ұлттық парк құрылғанға дейін пайда болған туристік кешен. Олар жерге меншік құқын беретін мемлекеттік актіні тоқсан үшінші жылдары алған. Ал, парк 2007 жылы құрылған. Олардың сол 10 гектар аумаққа жеке меншік құқы бар, ол сатылып алынған жер телімі», деді Әділхан Батанов.
Оның айтуынша, бұл нысан ұлттық парк картасына енгізілген және «Көлсай көлдері» МҰТП қонақ үйге күзет қызметін ұсынады.
«Бұл нысан бөтен жер пайдаланушы болып біздің картамызға енгізілген. Біздің картамызда тұр. Қонақ үй аумағында 10 гектар жер бар. Сол он гектар жердің аумағында қонақ үй туристік мақсатта ғана жұмыс істейді. Басқа шаруашылық үшін оларға рұқсат берілмеген. Егер, қонақ үй иелері тарапынан табиғи паркке тән ереже бұзылып жатса, олар өздерінің мақсаттарынан тыс шаруашылықтар атқарып жатса, ол үшін айыппұл салынады», деді МҰТП директорының орынбасары.
БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен және «Respublika»партиясы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен, «Көлсай көлдері» МҰТП арнайы пресс-тур өткізген болатын. Шараға жиналған отызға тарта журналист ұлттық парк басшылығымен мекеменің туристік саланы дамыту бағытында атқарып отырған жұмыстарын және парк айналасындағы түйткілді мәселелерді де ашық талқылады.
Соның ішінде ұлттық парк шекарасына таяу аймақта салынып жатқан мейрамхана да журналистер назарынан тыс қалмады. Тіпті, оның аумағында бассейн салынады деген қауесет тараған. «Көлсай көлдері» МҰТП басшысының орынбасары бұл сұрақтарға қатысты да ашық жауап берді.
«Иә, жасыратыны жоқ, ұлттық паркке жақын маңда жеке кәсіпкер мейрамхана салып жатыр. Ол жер сол кәсіпкердің өзіне тиесілі. Ұлттық парктің жері емес, ұлттық парк аумағынан тыс жерде орналасқан. Өзінің жер телімі аумағында бассейн салмақ ойы болған. Бірақ қазіргі кезде қоғам тарапынан туындаған қарсылықтарға байланысты, қазір ол кісі бассейн салудан бас тартты», деді Әділхан Батанов.
Сонымен қатар ұлттық парк қызметкерлері «Көлсай көлдері» паркіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерде ұлттық-парк айналасында қорғау аймағы белгіленбегеніне назар аударды.
Айта кету керек «Көлсай көлдері» мемлекеттік-ұлттық табиғи паркі Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесін құру туралы 2007 жылғы 7 ақпандағы Үкімет қаулысы негізінде құрылған. Аталған қаулыға сәйкес, Алматы облысы және сол кездегі Райымбек және Талғар аудандарының аумағындағы мына санаттардағы жерден жалпы алаңы 161045 гектар жер учаскелері: босалқы жерден – 96330 гектар; орман қоры жерінен – Кеген мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінен – 64715 гектар алынып, тұрақты жер пайдалану құқығында «Көлсай көлдеріне» берілген. Осылайша, қазіргі парк аумағына кіретін 161 045 гектер жер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына ауыстырылған болатын.
Алайда парк қызметкерлері ескерткендей, нормативтік-құқықтық актілерде табиғи парк айналасында қорғау аймағы көрсетілмеген. Бұл өз кезегінде ерекше қорғалатын аумаққа жақын маңда кәсіпкерлік қызметтің ұсынылуына жол ашады. Парк басшылығының дерегінше, оның маңындағы жерлерде кәсіпкерлік мақсат үшін жерді ұзақ мерзімге жалға алған, тіпті сатып алған шаруа қожалықтары бар.
Дегенмен, «Көлсай көлдері» МҰТП басшылығы болашақта бұл мәселеге қатысты жоғары жаққа хат жазып, табиғи парк айналасында қорғау аймағын құру туралы ұсыныс жасауды көздеп отыр.
Осы орайда, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңның 7 бабында көрсетілгендей, уәкілетті органдардың ұсынысымен Қазақстан Үкіметінің «республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту» құзыреті бар екенін ескере кеткен жөн.
Өйткені, табиғи парк өз қызметін 2006 жылғы 7 шілдеде қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңы негізінде және «Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Экология министрлігінің 2022 жылғы 5 наурыздағы бұйрығының негізінде жүзеге асырады.
2022 жылы Көлсай көлдерін тамашалауға 200 мыңнан аса саяхатшы келген. Көпшілік тарапынан қызығушылықтың артуы ұлттық парк басшылығының туристік бағыттарды дамыту, келушілер үшін ұсынылатын қызмет сапасын жақсарту бойынша үнемі тың шешім қабылдауына түрткі болып отыр.
Атап айтқанда жеке автокөлікпен саяхаттайтын туристердің саны артқандықтан, табиғи парктің қасындағы автотұрақ жүктемені көтере алмай отыр. Оның үстіне бұл тұрақ 1-көлдің аумағына тым жақын орналасқандықтан табиғи парктің экожүйесіне де ауыртпалық түскен. Осы олқылықты түзету мақсатында парк басшылығы автотұрақты төменге түсіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
«Көлсайдағы автокөліктердің көп келуі де белгілі жағдай. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында, үстіңгі автотұраққа сыймай қалғандықтан, қазіргі кезде әкімшілік тарапынан төмендегі жекеменшік шаруа қожалығының жерінен үлкен автотұрақ салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерде жер телімі белгіленген. Бүгінгі күнде аудандық әкімшілік тарапынан қаржы қарастырылып, сметалық құжаттары жасалып жатыр. Биыл сол автотұрақтың орнын бастаймыз деген жоспар бар», деді деді Әділхан Батанов.
«Көлсай көлдері» МҰТП штатында 126 адам жұмыс істейді. Ал, туристік маусым қызған шақта парктің өз есеп-шоты есебінен қосымша елу-алпыс адам уақытша жұмысқа тартылады.
Ерекше қорғалатын аумаққа туристердің кіру ақысы еліміздегі өзге де табиғи парктерде белгіленген тарифпен бірдей. Балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдік бар. Ал, ересектерге билет құны 845 теңгені құрайды. Ол сомадан 0,1% АЕК көлемінде, яғни, 345 теңгесі мемлекетке аударылса, 500 теңгесі паркті күтіп-қарауға қатысты шығындарды жабу үшін, мекеме есеп-шотына аударылады. Сонымен қатар парк аумағында катамаран, қайық, атпен серуендеу секілді қызмет ұсынатын әр кәсіпкермен келісім-шарт жасалады. Кәсіпкерлік қызметтен түскен соманың белгілі бір бөлігі ұлттық парктің арнайы есеп-шотына аударылып отырады.
Ерекше қорғалатын аумақта қызметін ұсынатын кәсіпкерлердің барлығына да парктің экожүйесін, табиғи тепе-теңдігін бұзбауға, қауіпсіздікті сақтауға қатысты талаптар қойылған. Мысалы, көл бетіне жанар-жағармаймен жүретін су көліктері жіберілмейді.
Еске сала кетейік, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2021 жылғы 15 қыркүйекте ЮНЕСКО дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосылған.
«Көлсай көлдері» МҰТП аумағында көрсетілетін қызметтер мен ол туралы толық ақпаратты парктің ресми сайтынан табуға болады.