Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15% жеткізеді

Жарияланды

2030 жылға қарай Қазақстан өзінің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ағымдағы 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр, қазіргі көрсеткіш 4,5%. Бұл жайлы Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 12-ші отырысында айтылды.

Бұл салада Қазақстан Еуропалық Одақпен әріптестікті кеңейтуді жоспарлап отыр. Республика осы бағытқа басымдық беріп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Перспективалық бағыттың бірі – «жасыл экономикаға» көшу және өзара көліктік байланысты нығайту болып отыр. 

Премьер-Министр экологиялық күн тәртібі Қазақстан экономикасының орнықты дамуында негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

«Еуропа елдерінің баламалы энергия саласындағы тәжірибесі мен жетістіктерін ескере отырып, біз бірлескен жаңа жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Жалпы Қазақстан мен Еуроодақтың «жасыл» экономика, көлік және логистика салаларындағы әріптестікті одан әрі тереңдету бойынша мүмкіндіктері көп», деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы сондай-ақ транзиттік-көлік ынтымақтастығы саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Бұл бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway бастамасымен ұштастыру бойынша еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.  

 Жиынға ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас та қатысты.

«Климаттың өзгеруі жаһандық қауіп болып отыр. Еуропалық Одақ 2050 жылға қарай нөлдік зиянды қалдықтар экономикасына көшу жөніндегі міндеттемесі туралы бірнеше рет жариялаған болатын. Біз Қазақстанды осы бағытта компанияларымыз мен банктеріміздің нақты жобалары арқылы қолдағымыз келеді», деді ЕО елшісі.   

Отырыс барысында логистика және көлік саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде әкімшілік және инфрақұрылымдық кедергілерді жою, ЖЭК-ті дамыту, экологиялық таза отын түрлеріне көшу және басқа да бірқатар мәселе жан-жақты талқыланды.

Германия президентінің Қазақстанға ресми сапары барысында неміс компаниялары Қазақстандағы жасыл энергетика саласына инвестиция құюға келісті. Тараптар жасыл сутегі өндіретін құны 50 млн долларлық жасыл сутегі өндіретін зауыт салуға келісті.

Сондай-ақ оқыңыз