«Семей-Орманы» резерватының басшылары өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған – Бас прокуратура
Абай облысындағы орман өрті бойынша Бас прокуратура тергеуді жалғастыруда.
Тергеу барысында «Семей-Орманы» резерваты мен Жаңа Шүлбі филиалының басшылығы 2023 жылғы 1 шілде күні Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша олар абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деп танылды.
«Олардың жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, оларға «үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда, өрттің барлық ықтимал нұсқалары пысықталуда, олардың арасында қасақана өртеу, табиғатта ақаулы техниканы пайдалану, найзағай разряды және басқалары да бар», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, тексеру нәтижелері бойынша Төтенше жағдайлар және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға берілетін болады.
Естеріңізге сала кетсек, 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында өрт шықты. 9-маусымға қараған түні Бородулиха кентіндегі орта мектеп пен Островский атындағы базада эвакуациялық орталықтар ашылып, Успенское, Поднебесное және Барышевка халқы туыстарына эвакуацияланғаны хабарланған.
9 маусым күні Төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильин 8 маусым күнгі сағат он екілер шамасында алғашқы тұтанған аймақ 3 гектар болғанын, кейін, 100 гектарға дейін күрт өскенін, жағдай дер кезінде дұрыс бағаланбағанын мәлім етті. Соның салдарынан жұмылдырылған техника саны тым аз болған, сондықтан, республиканың көптеген аймақтарынан техника жіберу туралы шешім қабылданғанын айтты.
Абай облысындағы алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегеріліп, Президент 10 маусым Абай облысына барды. Тоқаев ТЖМ жұмысын сынға алып, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.
Абай облысына барған Тоқаев Президент жанынан қор құрылып, қаралы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, өтемақы төлененетінін мәлімдеді.
Алапат өртті сөндіруге кеткен 14 орманшы қаза тапты.
11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққанын ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты.
Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінетінін қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады.