Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанның таулы жерлерінде өрт шықты

Фото: ТЖМ

Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы таулы жерлерде өрт шықты, деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

«1 шілде күні Приморск орманшылығының таулы жерлерінде өрт шықты. ШҚО ТЖД орманшылары мен өрт сөндіру қызметі дереу осы жерге жіберілді», делінген хабарламада.

Өрт шамамен 0,7 га аумақты қамтып, шөп пен шөп жабыны жанған. Қазіргі уақытта ашық жалын жоқ. Өрт жартасты жерлерде болып жатқандықтан техниканың жетуі қиындаған.

«Техниканы тікелей жану орнына жеткізу мүмкін емес, сондықтан ол таулардың етегінде мүмкіндігінше жақын орналасқан. Жану эпицентріне барар жолда орманшылар мен өрт сөндірушілер тік беткейлерді еңсеріп, рюкзакты өрт сөндіргіштердің көмегімен қолмен сөндіріп жатыр», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

ШҚО әуе бөлімшесінің МИ-2 тікұшағымен жану орнына орманшылардың десанты жеткізілген. Департаменттің хабарлауынша, елді мекендер үшін қауіп жоқ. Өртті сөндіруге орманшылар мен өрт сөндірушілер және жергілікті атқарушы органдардан 83 адам, 10 бірлік техника және 1 тікұшақ жұмылдырылған.

25 маусымда Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі Іле-Балқаш резерватында қамыс өртенгенін хабарлады. Мұндағы өрт әлі де басылмады. 29 маусым күні өртті сөндіруге бірнеше жылдар бойы қалыптасқан тереңдігі 1,5 метрге дейінгі қамыс қалдығы кедергі болып жатқаны хабарланған болатын.

Ал Астана маңындағы құрғақ шөптің өртенуі 26 маусымда толық сөндірілді. 19 маусым күні қала маңындағы құрғақ шөп жанып, Астана көк түтіннің астында қалған болатын.