Жаңалықтар

Шымкент МӨЗ-гі жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейді – «ҚазМұнайГаз»

Фото: kursiv.media

Сенбі күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішінара жұмысын тоқтататыны хабарланды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша бұл жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейді. Жетпеген көлемді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығарады.

Нақтырақ айтсақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытында 3-14 шілде аралығында жылу алмастырғышты тексеріп, катализаторды қалпына келтіру мақсатында каталитикалық риформинг қондырғысын тоқтату жоспарланып отыр.

Жылу алмастырғыштағы бұл ақау 15 наурыздан 8 сәуірге дейін зауытта жүргізілген жоспарлы жөндеу кезінде анықталған. Наурыз айында өндіруші Lanpec компаниясының өкілдері жылу алмастырғышқа жөндеу жүргізді. Алайда, зауыт іске қосылғаннан кейін осы қондырғыда өндірілетін бензин сапасы нашарлаған. Осыған байланысты маусым айында Шымкент мұнай өңдеу зауытында АИ-95 маркалы бензин шығару тоқтатылды.

«Шымкент зауытында тиісті көлемде өндірілмеген АИ-95 маркалы бензинді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығарады. Жөндеу жұмыстары барысында АИ-92 бензинінің өндірісі тәулігіне 2,5 мың тонна көлемінде сақталады. Зауыттың жұмысын толық тоқтату жоспарда жоқ. Дизель және әуе отыны Шымкент МӨЗ-де жинақталған қор есебінен жөнелтіле береді», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Компания жөндеуден кейін жылу алмастырғыш қалпына келіп, катализатордың жұмыс қарқыны артады деп жоспарлап отыр. Жылу алмастырғыштың пайдалану мерзімі аяқталуға жақын екенін ескере отырып, Шымкент зауыты үшін жаңасына тапсырыс берілген. Жоспар бойынша жабдық зауытқа 2024 жылдың бірінші тоқсанында жеткізіліп, 2024 жылы жоспарлы жөндеу кезінде орнатылады.

«ПҚОП-тағы риформинг қондырғысының тоқтауы нарыққа кері әсерін тигізбейді, өйткені Қазақстан Республикасындағы АИ-92 бензині мен дизель отынының қоры бір айлық тұтыну көлеміне жетеді, ал АИ-95 бензинінің қоры екі аптаға жеткілікті. Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейді. Еліміздің оңтүстік өңірлері Атырау мұнай өңдеу зауыты шығаратын АИ-95 маркалы бензинімен қамтылатын болады», делінген хабарламада.

Зауытта АИ-95 маркалы бензинінің өндірісі уақытша тоқтайтынын бүгін Энергетика министрлігі хабарлаған болатын. Онда жетпеген бензин көлемі Ресейден импортталуы мүмкін екендігі айтылды.

21 маусым күні Павлодар мұнай-химия зауыты бір айға жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. Зауыттың тоқтауына байланысты бензин және дизель отынының 37 мың және 47 мың тонна қоры жинақталғаны хабарланды. Бұл қор зауытты жөндеу кезінде жанармайдың уақтылы жеткізіліп отыруына жағдай жасайтыны хабарланды.