Сұйытылған мұнай газының көтерме саудадағы бағасы көтерілді

Жарияланды

Фото: Энергетика министрлігі

«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес ҚР Энергетика министрлігі жыл сайын 1 шілдеден бастап өндіруші зауыттар үшін сұйытылған мұнай газының көтерме сауда бағасын белгілейді. Енді СМГ бағасы тоннасына 40 320 теңгені құрайды.

сұйытылған мұнай газының бұған дейін бекітілген бағасы қосымша құн салығын есептемегенде тоннасына 33 600 теңге болатын. Алайда зауыттарда сұйытылған мұнай газын өндірудің өзіндік құны тоннасына 42 000-72 000 теңгені құрайды.

Сонымен бірге 2022 жылы Қазақстанда сұйытылған мұнай газының өндірісі 10 пайызға төмендеп, 2021 жылмен салыстырғанда 400 000 тоннаға азайған.

Ал елімізде сұйытылған газды тұтыну 400 000 тоннаға өсіп, жалпы 1,8 млн тоннаны құрады. 2021 жылмен салыстырғанда 28%-ға өскен. Бұлайша өндірістің төмендеуін сарапшылар инвестициялық тартымдылықтың болмауымен түсіндіреді. Өйткені өндіруші зауыттар сұйытылған мұнай газын өзіндік құнынан төмен бағада сатады.

«Халықтың қажеттілігін жабу және осы өнімді өндіруді ынталандыру мақсатында «Қазақстан Республикасының тауар биржаларынан тыс ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасын бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен өндіруші зауыттардан сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын тоннасына 33 600 теңгеден 40 320 теңгеге дейін көтерді», делінген хабаламада.

Бұл ретте сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек саудадағы бағасы өңірге байланысты 1 литріне 4-6 теңгеге өседі.

Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы литріне кемінде 70 теңгеге дейін көтерілетінін сәуірде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Министр бағаның көтерілуі өндіруші компаниялардың отынды ең аз шығынмен өндіруі үшін қажет екенін айтқан.

«Көптен бері баға мәселесі талқыланып келеді, біз бұл туралы үнемі айтып келеміз. Яғни, өзіндік құны литріне 70 теңгеден жоғары болады, ал қазір 50 теңгеден сатылып жатыр. Компаниялар шығынмен жұмыс істеп жатыр. Салыстырып қарасақ, Ресейде баға екі есе жоғары. Шамамен 120 теңге, Тәжікстанда – 177 теңге. Ол жерде расымен де, нарықтық бағалар. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, сұйылтылған газды көлікке отын ретінде пайдаланған кезде, газды артық өндіретін елдер оның құнын бензин бағасының 70% коэффициентінен есептейді. Сол жағдайда ғана бұл тиімді экономикалық механизм саналады», деді министрлік басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз