Жаңалықтар

Балқаш қамысындағы өрт сөндірілді

Фото: ТЖМ

Алматы облысы Іле-Балқаш резерватындағы қамыс өрті сөндірілді. Бұл жайлы Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

«Іле-Балқаш резерватының аумағында қамыс өсімдіктерінің жануы 2023 жылғы 2 шілдеде сағат 07-40-та жойылды. Естеріңізге сала кетейік, жалпы ауданы 6200 га болатын өрттің нақты ауданын уәкілетті мемлекеттік органдардың комиссиясы анықтайды», делінген хабарламада.

Өрт сөндіруге ТЖ департаментінің 47 қызметкері мен 5 бірлік техникасы, 2 жүзу құралы мен 1 ұшу аппараты және «Іле-Балқаш «ГПР» РММ 25 адамы, 10 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер шанц аспаптары мен мотопомпаларды пайдалана отырып, жаяу сөндірді.

Өртті сөндіруді батпақты жерлерге жетудің қиындығы мен кіреберіс жолдардың болмауы қиындатты. Бақанас орман шаруашылығы учаскелерінде өрттің таралуын болдырмау мақсатында қосымша 8 адам және 4 бірлік орман шаруашылығы техникасының күшімен минералдандырылған жолақ төселді. Елді мекендерге қауіп төнбеген.
«Ғарыш сапары» «ҰК» АҚ мәліметі бойынша және пилотсыз ұшу аппаратының бақылауы ойынша бықсу және жану учаскелері табылмаған.

Естеріңізге сала кетсек, 25 маусымда Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі Іле-Балқаш резерватында қамыс өртенгенін хабарлады. Ал 29 маусым күні өртті сөндіруге бірнеше жылдар бойы қалыптасқан тереңдігі 1,5 метрге дейінгі қамыс қалдығы кедергі болып жатқаны хабарланған болатын.

Ал Астана маңындағы құрғақ шөптің өртенуі 26 маусымда толық сөндірілді. 19 маусым күні қала маңындағы құрғақ шөп жанып, Астана көк түтіннің астында қалған болатын.