Сотта Арыстанбек Мұхамедиұлының мүддесін қорғаған адвокат қамауға алынды

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Курсив

Сотта Арыстанбек Мұхамедиұлының мүддесін қорғаған адвокат Мұстақым Төлеев қамауға алынды, деп хабарлайды белгілі қазақстандық журналист Михаил Козачковтың телеграмм арнасы.

«Астанада бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қорғаған адвокат Мұстахим Төлеев ұсталды. Алдын ала болжам бойынша, адвокаттың үстінен экс-шенеуніктің әйелі арыз жазған. Ол күйеуіне жеңіл жаза тағайындау үшін адвокатқа белгілі бір мөлшерде ақша бергенін жазды», делінген жексенбі күні тараған хабарламада.

Қылмыстық іс, журналистің айтуынша, «Алаяқтық» және «Пара беруге итермелеу» баптары бойынша тіркелген.

Адвокат Төлеев изоляторға қамалған.

Еске сала кетсек, 20 маусымда Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот үкімі шықты. Судья Бағлан Ыдырысов Арыстанбек Мұхамедиұлын 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға соттауды сұраған болатын. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы іс бойынша қалған үш сотталушы Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасованы 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзінде өзінде тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген еді.

«Мен кез келген жазаға, ату жазасына да келісемін, бірақ ақша жымқыру дегенге келісе алмаймын. Қазақтың «өлімнен ұят күшті» деген керемет мақалы бар», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз