Абай облысына қарасты Көкпекті ауданында Үлгілі Малшы ауылынан 50 шақырым жерде 2 шілде күні қамыс өртке оранған. Қазіргі уақытта өрттің болжамды ауданы 200 гектарды құрайды.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес өрт күндізгі сағат 11 шамасында басталған.
Төтенше жағдай министрлігінің дерегінше, өрт шыққан жерге қарауылдау жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бейінді қызметтерінің өкілдері дереу жеткен.
«Елді мекендерге қауіп жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Үлгілі Малшы ауылдық округі әкімдігінің ақпараты бойынша Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдарын тарту талап етілмейді», делінген Абай облысы бойынша ТЖ департаментінің хабарламасында.
Естеріңізге саламыз, Абай облысында болған орман өрті кезінде 60 000 га орман өртенді. Ірі өртті сөндіру кезінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-нің 14 қызметкері, сондай-ақ өртті сөндіруге қатысқан тракторшы Сергей Архипов қайтыс болды.
Абай облысындағы өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылған болатын.
Бұған дейін, 25 маусымда Алматы облысы Іле-Балқаш резерватында өртенген қамыс сөндірілгені хабарланған болатын.