Мұхамедиұлының зайыбы жұбайын ақтап алу үшін 460 мың доллар пара бермек болды деп күдіктелуде

Жарияланды
пара
Фото: shutterstock

А.Мұхамедиұлының зайыбы экс-министрдің қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін сот органдарының лауазымды адамдарына 460 мың доллар пара беруге оқталған. Ал, Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігі.

«Жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша пара беруге оқталған ҚР Мәдениет және спорт экс-министрі А.Мұхамедиұлының зайыбы әшкереленді. Cондай-ақ аталғандардың мүдделерін қорғауды жүзеге асырған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды. А. Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен қорғалушының зайыбынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған» ,делінген хабарламада.

Агенттіктің ақпаратына сәйкес, тергеу амалдары барысында 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы адвокат өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды.
Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Мұхамедиұлының зайыбы аса ірі көлемде пара беруге оқталуы бойынша күдікті болып танылды.

20 маусым күні Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен А. Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.

Сондай-ақ оқыңыз