Федералды резерв жүйесі хаттамасын осы аптада жариялайды
Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) маусымның ортасында өткен отырысы бойынша хаттамасын жарияламақ. Сонымен қатар, инвесторлардың назары еңбек нарығы туралы шығатын бірнеше ақпаратта болмақ деп Barron’s сайты хабарлайды.
Шілденің үші, дүйсенбі күні Nasdaq және Нью-Йорк қор биржасы сағат 13:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. АҚШ санақ бюросы құрылыс шығындары туралы мәліметтерді жариялайды. Экономисттердің болжамы бойынша шығындар айлық есеппен алғанда 0,4%-ға ұлғаймақ.
Шілденің төрті, сейсенбі күні акциялар мен облигациялар нарығы АҚШ тәуелсіздік күнін тойлауға қатысты жабық болады.
Бесінші шілде, сәрсенбі күні, ФРЖ маусымның ортасында өткен отырысы бойынша хаттамасын шығармақ. Бұл отырыста Федералды резерв жүйесі 15 айдың ішінде бірінші рет мөлшерлемені сол қалпында сақтады.
Алтыншы шілде, бейсенбі күні Automatic Data Processing (ADP) маусым айындағы жұмысбастылық бойынша есептемесін жариялайды. Жеке сектордағы пайда болған жұмыс орындарының саны 250 мыңға өседі деп күтілуде. Сонымен қатар АҚШ еңбек нарығында мамырдың соңында неше жұмыс орны ашық болғандығы туралы ақпарат белгілі болмақ. Экономистер оның көлемі 9,9 млн болды деп болжауда.