Фото: kursiv.media
Енді қандай да бір лауазымды тұлғаның пара сұрағаны немесе пара алуға келіскені белгілі болса, ол заңмен жазаланады. «Ашық НҚА» поталында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр.
«Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған және құқықтық реттеудің жаңа құралдарын енгізу жолымен жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою жөніндегі нормаларды көздейді», делінген түсіндірме құжатта.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізіміне параны уәде ету/ұсыну, параны алуға келісу, сонымен қатар параны сұрау немесе талап ету үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін Қылмыстық кодекске жаңа бап нөмірлері ұсынылған. Яғни параны қолына алғаны үшін ғана емес, сонымен бірге алуға ниетті болғаны үшін жаза қарастырлған.
Өзгеріске сәйкес «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңының 20-2-бабы үшінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған адамды тағайындауға тыйым салынады.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен танылған адам Парламенттің және мәслихаттардың депутаттығына кандидат бола алмайды.
Жаңа баптарға келер болсақ, Қылмыстық кодекске 247-1-бабы енгізілді. Яғни «Заңсыз сыйақы беру» бабы бойынша «заңсыз сыйақы берген» адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сонымен бірге кодекске 366-367 баптар да жаңадан енді. Бұл баптарға сәйкес пара ұсынысын немесе уәдесін қабылдау қылмыс деп танылады.
Қылмыстық кодекстің 366 бабы 1 тармағы бойынша пара алуға келісім берген адам «белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, бір мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен жазаланады».
Ал 366-2-бап бойынша параны сұрап немесе талап еткен адам «белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Егер, параны алуға келіскен адам немесе сұраған адам құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға осы факт туралы аталған органдарға мәлім болғанға дейін параны сұрағаны немесе талап еткені туралы өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Заң 17 шілдеге дейін талқыланып, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.