Үш мұнай өңдеу зауытының тоқтағаны шындыққа жанаспайды – Энергетика министрлігі
Фото: kursiv.media
Энергетика министрлігі үш мұнай өңдеу зауытының тоқтатылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Баспасөз қызметі Атырау мұнай өңдеу зауыты толық тоқтамағанын хабарлады.
«Электр қуатының терең үзілуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық және қосалқы нысандары апатты түрде тоқтатылды. Электр энергиясын қабылдау басталды, зауытты кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жанар-жағармайдың жинақталған қоры халықты қамтамасыз етуге жеткілікті», делінген хабарламада.
Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытында, министрліктің хабарлауынша Шымкент МӨЗ АИ-95 бензинін өндіруді шектеумен каталитикалық риформинг қондырғысының катализаторын регенерациялауды ескере отырып, жұмысын жалғастырып жатыр. Регенерация және іске қосу 14 шілдеде аяқталады деп жоспарланған.
Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның жұмысы 19 шілдеде басталады.
Министрлік еліміздегі жанар-жағармайдың жалпы қоры нарық қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз ете алатынын мәлімдейді.
Дүйсенбі күні Атырау мұнай өңдеу зауыты апатты жағдайға байланысты тоқтағаны хабарланды.
Ал Павлодар мұнай-химия зауыты 21 маусым күні бір айға жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. Зауыттың тоқтауына байланысты бензин және дизель отынының 37 мың және 47 мың тонна қоры жинақталғаны хабарланды. Бұл қор зауытты жөндеу кезінде жанармайдың уақтылы жеткізіліп отыруына жағдай жасайтыны хабарланды.
Ал 1 шілде күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішінара жұмысын тоқтататыны хабарланды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша бұл жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейтіні, жетпеген көлемді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығаратыны айтылды.