Жаңалықтар

Ұлттық банк қабылдаған шаралар нәтижесінде инфляция бәсеңдеп келеді – Пірматов

Фото: Ақорда

Ұлттық банк қабылдаған шаралардың нәтижесінде инфляция бәсеңдеп келеді және банк болжамына сай қалыптасып отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.

Ол сонымен қатар Президентке Ұлттық банктің биылғы бірінші жартыжылдықта жүзеге асырған ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары жөнінде есеп берілді.

«Әлемдегі және Қазақстандағы экономикалық ахуал, инфляция факторлары мен оны төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар, төлем балансының динамикасы, сондай-ақ БЖЗҚ, Ұлттық қор активтері мен алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы баяндалды.», делінген хабарламада.

Пірматов Президентке Ашық банкинг тұжырымдамасын қолданысқа енгізу және төлем нарығын реттеу мәселелері жөнінде мәлімет берді.

«Кездесу соңында Мемлекет басшысы ақша-кредит саясатын тиімді іске асыруға бағытталған міндеттер жүктеді», делінген хабарламада.

Естеріңізге саламыз,

Қазақстан Ұлттық банкі 5 шілде күні базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдайды, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2022 жылдың желтоқсанында көтерді. Былтыр банк базалық мөлшерлемені алты рет көтерген. Осылайша, көрсеткіш жыл соңында 10,25%-дан 16,75%-ға дейін өсті.