Қазақстанда ЖЭК энергия өндірісі қаншалықты ұлғайды?
Біздің елімізде әлі үрдіске айнала қоймаған, десе де даму потенциалы жоғары саналатын жаңғырмалы энергия көзі бойынша өндіріс біртіндеп жолға қойылып келеді. Биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің белгіленген қуаты 2,5 мың МВт болған, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 22,3%-ға артық.
Белгіленген қуаттың басым бөлігі күн электр станцияларынан алынады екен. Оның үлесі 45,5 пайызды немесе 1,1 мың МВт-ты құрайды. Жылдық өсім – 5,1%. Елдегі барлық жаңартылатын энергия көздерінің тағы 43,9%-ы жел электр станцияларына тиесілі: 1,1 мың МВт, бір жылда 61,9%-ға өскен. Қалған қуаттар шағын су электр станцияларына (267,4 МВт, бір жылда 4,8%-ға азайған) және биоэлектр станцияларына (1,8 МВт, 4,4 есе азайған) тиесілі.
2023 жылдың бірінші тоқсанында жаңартылатын энергия нысандарының электр энергиясын өндіруі 1,5 млрд кВт·сағатқа жеткен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 58,5%-ға артық.
Күн электр станциялары ең көп белгіленген қуатқа ие болғанына қарамастан, жел электр станцияларында ЖЭК бойынша ең көп электр энергиясын өндіреді: бірінші тоқсанда – 1 млрд кВт·сағ, бір жыл ішінде 84,1%-ға өсім байқалады. Өз кезегінде күн электр станциялары 350,3 млн кВт·сағ электр энергиясын өндірді, бұл бір жыл бұрынғыдан 26%-ға артық.
Сонымен қатар «жасыл» экономикаға 2021 жылы 103,8 млрд теңге инвестиция жұмсалған. Бұл ретте Жамбыл облысының «жасыл» жобаларға көбірек мүдделі екені байқалады. Аталған өңір 52,4 млрд теңге инвестиция құйса, бұл көрсеткіш Ақтөбе облысында – 25,6 млрд теңгені, Ақмолада 11,2 млрд теңгені құрайды.
Биыл Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (AИИБ) 100 МВт Шоқпар жел электр станциясы жобасын қаржыландыруға дайындалып жатыр. Жобаның мақсаты — жел электр станцияларының орнатылған қуатын арттыру арқылы Қазақстанның энергетикалық ауысуын қолдау.
Жалпы, Қазақстан 2030 жылға таман тұтынушылық энергиядағы ЖЭК үлесін қазіргі 4,5 пайыздан 15 пайызға жеткізуге ниетті. Былтыр жаңа станциялар құрылысы бойынша аукциондар өткізілді. Ал 2026 жылы Алматы, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында жалпы қуаттылығы 1700 МВт болатын икемді генерация көздері пайда болмақ. Сондай-ақ қазіргі электр станцияларының қуаттылығын 1300 МВт-тан асыруға қатысты модернизация бойынша инвестициялық келісімдер де жүргізіліп жатыр.
Қалай болғанда да мемлекет жасыл энергетиканы белсенді дамытуға ниетті. Бұл бір жағынан көміртегі бейтараптығы туралы келісімге де дем береді. Қазақстан биыл ақпан айында 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қолжеткізу стратегиясын қабылдады. Яғни энергия өндірудегі көміртегі үлесі азайып, табиғатқа залалсыз жаңғырмалы энергия көздерінің өндірісі артуы тиіс. Қазір елімізде жалпы қуаттылығы 2,4 гигаватт болатын 130 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК 5,11 млрд киловатт-сағат энергия өндірді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Мамандардың айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта әсіресе күн және жел энергиясына айырықша басымдық беруі тиіс.
«Бұл бағыттар бойынша Қазақстанда басымдық бар. Ал су электр станцияларының қуаттылығы өзендерге байланысты. Бізде өзендердің барлығы дерлік трансшекаралық. Сондықтан шектеулі қуатқа ие. Қазақстандағы ЖЭК жобалары 15-20 жыл ішінде өтеледі. Сондықтан инвесторлар үшін заңнамадағы болжамдылық және қолжетімді қаржыландыру маңызды. Сонымен бірге, біздің энергетикалық жүйеміз ЖЭК көлемін қабылдай алуы үшін электр энергетикасы саласы ретке келтірілуі тиіс», дейді Qazaq Green қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.
Халықаралық энергетика агенттігінің ақпараты бойынша, 2022-2027 жылдары ЖЭК әлемдегі ірі энергия өндіру көзіне айналады. Әлемдік энергобаланс құрылымындағы оның үлесі 38 пайызға жетпек. Бұл ретте сәйкесінше көмір, табиғи газ, атом энергиясы және мұнай үлесі айтарлықтай азаяды. Жаңғырмалы энергия көзіне ауысу жаһандық энергетикалық проблемаларды шешуге бағытталған цифрлық инновациялар үшін тың перспектива ашып береді.