Жигули Дайрабаевтың екі ұлының ісі апелляциялық сотта қаралып жатыр

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Жигули Дайрабаевтың екі ұлы бірінші инстанциядағы сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.
Бұған дейін Тараз қаласының №2 сотында мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлы 5 жылға шартты түрде сотталған еді.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталғандардың шағымы апелляциялық алқаның өндірісінде қаралып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін сотта Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлекеевтің, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқара алмайды. Елжан Елібайдың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Содан кейін Жигули Дайрабаев мәлімдеме жасап, екі ұлын кінәсіз деп есептейтінін айтты.
Ұлдарыма байланысты туындаған мәселе бойынша көпшілігіңіз депутат, әріптес ретінде қолдау көрсетіп жатырсыздар. Моральдық жағынан әділдік танытып, құқықтық жағынан сауаттылық білдіргендеріңізді жоғары бағалаймын. Ұлдарымды кінәлі деп есептемеймін. Олар әділдік үшін күреседі. Апелляциялық сотқа жүгініп, абыройын қорғауға мүдделі. Ендеше мен Мәжілістен не үшін кетуім керек?», – деді Дайрабаев мәжіліс отырысында.
Депутат өзіне ауыл тұрғындары мен шаруалар, «Ауыл» партиясы үлкен үміт артып отырғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз