Жаңалықтар

АҚШ қытайлық компаниялардың америкалық бұлтты сервистерді қолдануына шектеу қоймақ

Фото: Архив kursiv.media

АҚШ америкалық бұлтты сервистерді қолданатын қытайлық компанияларға шектеу қоюы ықтимал. Джо Байден әкімшілігі осындай ұсыныс әзірлеп жатыр. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасап The Wall Street Journal жазды, деп хабарлайды Интерфакс.

Ақ үйдің ұсынысына сәйкес, Amazon.com Inc. және Microsoft Corp. секілді компанияларды қоса алғанда бұлтты сервистердің иелеріне қытайлық клиенттерге жасанды зерде технологиясы бар алдыңғы қатарлы чиптерді қолданумен байланысты қызмет көрсетпес бұрын үкіметтен рұқсат сұрауға тура келмек.

Ұлттық қауіпсіздік саласындағы америкалық сарапшылардың пайымынша, қытайлық IT компаниялар бұлтты сервистерді қолдану есебінен жоғары технологиялық чиптер экспортына Вашингтон енгізген шектеуді айналып өтуі мүмкін.

The Wall Street Journal дерегінше, АҚШ сауда министрлігі Қытай үшін бұлтты сервистер қызметіне шектеуді жақын апталарда енгізуі мүмкін. Бұл қадам Қытайдың жаңа технологияларға қол жеткізуіне шектеу қою бойынша соңғы аптада Вашингтон қабылдаған шаралар пакетін толықтыра түспек.

Қытай жауап ретінде өз кезегінде чиптердің өндірісінде қолданылатын галлий мен германий секілді сирек кездесетін металлдардың экспортына шектеу қояды.