Электр қуатындағы іркілістер кесірінен ҚМГ еншілес компаниялары 60 млрд теңге пайдадан қағылған
Батыс өңірінде электр қуатының үзілуі жиілеп кетуінен мұнай өндіретін компаниялар шығын шегіп жатыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің ҚМГ-нің еншілес ұйымдарының басшыларымен кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаевтың дерегінше, компаниян биылғы жартыжылдықта электр қуатының үзілуіне байланысты 1 млрд 267 млн теңге шығын шеккен, ол өткен екі жылдағы шығын көлемінен асып жығылады.
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбайдың дерегінше, компанияға қарасты кен орындарында соңғы 6 айда 11 рет электр қуаты ажыратылған.
«Бұл оқиғаның қоғамды дүрліктіруінің себебі – Атырау мұнай өңдеу зауыты қала шетінде орналасқан және факелде жанған көмірсутек газын тұрғындар өз көзімен көрді. Ал біздің кен орындарда тек соңғы алты айдың ішінде электр қуаты дәл осылай 11 рет ажыратылды. Жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған ұңғымалардың жалпы саны – 13 мың, алдын ала есеп бойынша 5 млрд теңге көлеміндегі кірістен айрылдық», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ақпаратқа сәйкес, соңғы 2,5 жылда ҚМГ компаниясына қарасты мұнай-газ өндіру өндіріс орындарында электр қуатының үзілуінен жалпы 279 мың тонна мұнай өндірілмеген. Өндірісті қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығынды ескере отырып, жоғалтқан шоғырландырылған қаржылық пайда 60 млрд теңгеден асқан.
2023 жылы ҚМГ кен орындарында электр қуаты жалпы 153 рет үзілген, бұл 75 мың тонна мұнай көлемінің өндірілімеуіне әкеліп соқты. «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Союновтың дерегінше, 2017 жылдан 2019 жылға дейін компания дәл осындай себеппен өндірісте 3700 тонна мұнай жоғалтқан.
«2021 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өсті. Біз электр энергиясын таратудағы ақаулардың жиілеп кеткенін байқап отырмыз. 3 шілде біздің шығын 2,5 мың тонна мұнайды құрады. », – деді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры.
«Қаражанбасмұнай» баспасөз қызметінің 4 шілде күнгі ақпаратына сәйкес, кен орнындағы өндірістік объектілерінде электр энергиясының шектелуі салдарынан бірқатар технологиялық қондырғылар тоқтап тұр. Атап айтқанда:
1. Бу генераторлық қондырғылар – 40 бірліктің 40-ы.
2. Газ компрессорлық қондырғылар – 8 бірлік;
3. Өндіруші ұңғымалар – 2900 ұңғымадан 2000;
4. Су тұшыту зауыты;
5. № 2 сығымдау сорғы станциясы өнімділік номиналдан 30% – ға дейін төмендеді, блокты бұта сорғы станциясы (ББСС) сораптары 10 бірліктің 7-і;
6. Мұнай дайындау және айдау цехы (МДАЦ) өнімділігі номиналдыдан 70% – ға дейін төмендеді, ББСС сорғылары 11 бірліктің 3-і.
4 шілде, сейсенбі күні Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов дүйсенбі күні МАЭК-те болған апат салдарынан тек АМӨЗ-дің жұмысы ғана тоқтап қалмаған, сонымен бірге бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққанын мәлімдеген болатын.