Төтенше жағдайлар министрлігі ескертеді: бір аптада 8 бала терезеден құлап кеткен

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Елімізде бір аптада 8 бала құлап кеткен. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.

«Ата-аналардың қадағаламауына байланысты балалардың терезеден құлауының саны артты! Статистика бойынша, күн жылығаннан бастап балалардың терезеден құлап кету оқиғалары көбейеді. Осы кезеңде терезелерге орнатылатын москит торлары үлкен қауіп төндіреді», деп хабрлайды баспасөз қызметі.

Өткен аптаның өзінде елімізде осындай 8 жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, Астана қаласында 17-қабаттан құлаған үш жасар бала қайтыс болған.

Төтенше жағдайлар министрлігі, терезеден құлау ұзақ мерзімді ем мен қалпына келтіруді қажет ететін ауыр жарақаттарға әкелетінін, кейбір жағдайларда бала мүгедек болып қалуы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай опаттың алдын алу үшін бірінші кезекте ата-аналарды сақ болуға шақырады.

Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Самат Асаинов та балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиілеп кеткенін, мұндай оқыс оқиғаның алдын алу үшін балаларды көзден таса етпеуге, терезелерге блокираторлар, торлар орнатуға, москит торларына сенбеуге, жиһазды баланың терезе жақтауына шыға алмайтындай етіп алыс орналастыруға кеңес берді.

Қазақстан қалаларындағы Төтенше жағдайлар департаменті балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуға қатысты арнайы жадынама жариялады. Ондағы тәртіпті ұстана отырып ата-аналар қауіптің алдын алады.

Сондай-ақ оқыңыз