Бұл туралы Үкіметте өткен Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Жиын барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин маусым айынан бастап Президенттің тапсырмасымен «minerals.gov.kz» порталы әзірленіп жатқанын баяндады.
Оның айтуынша, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы болады. Порталда жер қойнауын пайдаланушылар жеке кабинет ашып, пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге өтініш бере алады, сондай-ақ мемлекеттік органдардан түрлі хабарламалар алып отырады. Қазір платформаны әзірлеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, осы отырыс барысында қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі туралы да мәлім болды. Экология министрі Зүлфия Сүлейменованың дерегінше, бүгінде пилоттық режимде қоршаған ортаға бөлінетін эмиссия мониторингінің автоматтандырылған жүйелерінен алынған деректерді, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау полигондары мен бекеттері туралы мәліметтерді, атмосферадағы ауаның жай-күйін және т.б. жинақтайтын интерактивті карта іске қосылған. Ақпаратқа сәйкес, ол карта биыл желтоқсан айында тәжірибелік пайдалануға, ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр
.Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ол бұған дейін егіншілердің сынына ұшыраған осыған ұқсас жекеменшік платформаның орнына енгізіліп отыр.
Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, аталған платформа 1 млрд теңгеден астам соманы үнемдей отырып, барлық фермерлер үшін мемлекеттік субсидияларды тегін бөлуді қамтамасыз етуде.
Жалпы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша СБМАЖ-ға 50 мыңнан астам адам тіркеліп, жүйе арқылы 88 мыңнан астам өтінім берілді және 112 млрд теңгеден астам қаражат төленді.
Ал, Әділет министрі Азамат Есқараев сәуір айында республиканың барлық өңірінде іске қосылған Мүлік иелері бірлестігін цифрландыру жобасы туралы айтып берді. Бүгінгі таңда оған 100-ге жуық үй қатысуда.