МАЭК-те болған апат себебін тексеруге ҰҚК мен Бас прокуратура атсалысатын болады

Жарияланды

Фото: Үкімет

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен Атырау мұнай өңдеу зауытында болған апаттардың себептерін егжей-тегжейлі зерттеп, кінәлілерді анықтау үшін Энергетика министріне сарапшылардан тұратын жұмыс тобын құруды тапсырды.

«Ең бастысы орын алған апаттардың себептерін анықтау керек. Адами фактор болды ма? Бұл ретте тек кешегі оқиғаға байланып қалудың қажеті жоқ. Уақтылы шешім қабылдамау, кейінге ысыру және мәселелерді дер кезінде елемеу осыған жеткізіп отыр. Мұның барлығын объективті түрде анықтау керек», деді Премьер-министр. 

Сонымен бірге үкімет басшысы қатысқан арнайы комиссияның отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев, «ҚазМұнайГаз» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов баяндама жасады. 

Жиын барысында апатты зерттейтін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданып, оған Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Энергетика министрлігінің Энергетикалық қадағалау комитеті, Атырау және Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің, «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз» АҚ өкілдері және тәуелсіз сарапшылар кіретін болды.

Премьер-Министр апаттардың салдарын жедел жою мақсатында Батыс энергетика жүйесін нығайту және оның Қазақстанның Бірыңғай энергожүйесімен интеграциялануы мәселесін көтерді. Сондай-ақ болашақта осындай жағдайларға жол бермеу үшін генерациялау резервін кеңейту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. 

«Біз бұл жағдайдан қорытынды шығаруымыз керек. Энергетика министрлігі барлық мәселелерді түбегейлі, жүйелі түрде шешу үшін жұмысты үйлестіруі керек», деп тапсырды үкімет басшысы.

Санымен қатар үкімет басшысы бір апта ішінде растайтын құжаттар мен ұсынылған шаралар көрсетілген толыққанды қорытынды дайындауды талап етіп, қысқа мерзімде батыс өңірлеріндегі энергетика және мұнай-газ кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні Атыру мұнай өңдеу зауыты МАЭК-тегі апатқа байланысты тоқтап қалды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда мұнай өндіру көлемі бір ай ішінде қалпына келетінін мәлімдеді.

МАЭК-тегі апат сонымен бірге Батыстағы бірнеше маңызды нысандардың жұмысының тоқтауына алып келген. Сейсенбі күні Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққанын айтты.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елде жанар-жағар май тапшылығы болмайтнынын, кінәлілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді.    

Сондай-ақ оқыңыз