Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.
Ол заңға сәйкес, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айырылады.
Айта кетейік, 2011 жылғы заң нұсқасында Қазақстанның экс-басшысы аталған ұйымдардың қамқоршылық кеңесінің басшысы ретінде көрсетілген.
Жаңа заңда «Жоғарғы қамқоршылық кеңестің төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті немесе Президент тағайындайтын адам болады. Ал жоғарғы қамқоршылық кеңес туралы ережені жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы бекітеді» делінген.
Айта кету керек, бұл заң жобасын маусым айының соңында сенаторлар мақұлдаған болатын.
2023 жылдың 15 ақпанында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы туралы» заң ресми түрде күшін жойды. Былтыр 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдум өткен. Қазақстандықтар дауыс берген маңызды өзгерістердің бірі – Негізгі заңнан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау болды.Түзетулер сонымен қатар бірінші президент отбасына берілген артықшылықтарды алып тастайды.
Қаңтар айында Тұңғыш Президент Кеңсесі 2023 жылға арналған шығынын 708,9 млн теңгеден 591,2 млн теңгеге дейін қысқартты.
Наурызда Президенттердің отбасы мүшелері Ұлттық пантеонда жерленбейтіні белгілі болды.