Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық ету кезінде «үш зұлым күшке» қарсы тұрады – Мемлекет басшысы

Жарияланды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашуды ұсынды. Бұл жайлы президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды.Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастыратын бірегей еуразиялық ұйым. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы біздің мемлекеттеріміздің үлесіне тиесілі», деді президент.

Мемлекет басшысы ұйымның саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі қоса алатынына сенім білдірді.

Қазақстан ұйымға төрағалық ету кезінде «үш зұлым күшке» қарсы тұратынын айтты.

«Біз «үш зұлым күшке» – трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынды. Бұл шаралардың бәрі тұрақтылыққа және ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті жүйелі түрде күшейтуге септігін тигізеді. Бұл орайда мемлекет басшысы Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн екенін айтып, БҰҰ-ның үйлестіруімен ауған халқына көрсетілетін көмекті жалғастыру маңызды екенін атап өтті.

«Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі біздің бастамамызға тағы да тиісті деңгейде назар аударуды ұсынамыз. Осы аса қажетті құрылымға сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін. АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастауға қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арнайы ризашылығымды білдіремін», деді президент.

Сонымен бірге мемлекет басшысы ШЫҰ артықшылығы – мемлекеттердің географиялық байланысы, транзиттік және көліктік мүмкіндіктері, орасан зор нарық және экономикалардың өзара толықтырылуы екенін атап өтті. Алайда «осыған қарамастан, 20 жылдан астам уақыт ішінде ШЫҰ аясында бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмағанын» айтты.

Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, энергетикалық ынтымақтастықты нығайту.Цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту, экология саласындағы өзара байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне де тоқталып өтті.

Сөзінің соңында мемлекет басшысы қатысушы елдерді Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қазақстан елордасы – Астанада өтетін келесі саммитіне қатысуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз