Қазақстанда күріш бағасы 25,8%-ға өсті, баға әлі де жоғарылайды – Қызылорда облысының әкімі
Елімізде күріш бағасы 25,8%-ға өсті, бұдан әрі де өсуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлім етті.
Оның айтуынша, өңірдегі су тапшылығының салдарынан ауыспалы күріш алқабы, барлық алқаптың 50%-ын құрайды немесе өңір шаруалары оның көлемін 89 мың гектардан асырмауға мәжбүр болып отыр.
Сырдария бассейініндегі су тапшылығына сәйкес, өңірде суды көп қажет етпейтін мал азығы мен бақша өнімдерді өсіруге баса мән беріліп, күріш өсіру алқабы 11 мың гектарға қысқартылған. Осыған байланысты өңір халқының табысы азайып, шаруашылықтардың қарызы өсіп, тұзданған егіс алқабы ұлғайған.
«Елімізде күріштің бағасы 25,8%-ға өсті. Сарапшылар Оңтүстік-Шығыс Азия ме Ресейдің Краснодар өлкесінде күріш алқаптарының қысқаруын атап өтті. Осының салдарынан күріш тапшылығы 8,7 млн тоннаны құрайды. Дүниежүзілік банк сарапшылары күрішке деген сұраныстың артуынан 2024 жылы оның бағасы өсетінін мәлімдеуде», деді Нәлібаев.
Дегенмен, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, күріштің бағасы күрт көтерілмейтінін мәлімдеді.
«Күріш бойынша біз өз-өзімізді толық қамтимыз, өнімнің бір бөлігін экспортқа шығарамыз. Сондықтан баға аса шарықтамайды, тұтынушылар үшін күріш жетіспеушілігі болады деп болжап отырған жоқпыз…», деді ол, Үкімет кулуарында.