Қазақстанда мұнай өндіру көлемі бір ай ішінде қалпына келеді – Энергетика министрі
Қазақстанның батысындағы энергиямен жабдықтаудағы апат салдарынан төмендеген мұнай өндіру көлемі бір ай ішінде қалпына келеді. Бұл жайлы ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
«Қазір біз өндіріс көлеміне қаншалықты шектеу қойылғанын нақтылайтын боламыз, бірақ бұл көлем бір ай ішінде қалпына келтіріледі деп есептейміз», – деді Сәтқалиев.
Естеріңізге сала кетсек, дүйсенбі күні МАЭК-те апат болып, №1 энергия блогы жұмысын тоқтатты. Салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауыты апатты жағдайға байланысты тоқтады.
МАЭК-тегі апат сонымен бірге Батыстағы бірнеше маңызды нысандардың жұмысының тоқтауына алып келген. Сейсенбі күні Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққанын мәлімдеді.
Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елде жанар-жағар май тапшылығы болмайтнынын, кінәлілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді.