Жаңалықтар

Су тапшылығына байланысты шілде айында елдің оңтүстік аймақтарында шиеленісті жағдайлар туындауы мүмкін – Су ресурстары комитеті

Фото: kursiv.media

Еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшы. Соған байланысты егіндік алқаптарын азайту ұсынылған. Алайда егістік алқаптары жоспарланған мөлшерден де асып түскен. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов айтуынша бұл жағдай шілде айында шиеленіске әкелуі мүмкін.

Атап айтқанда, Жамбыл облысы бойынша бүгінгі күні мұздықтардың әлсіз еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз толуына байланысты шиеліністі жағдай байқалған. 2023 жылғы вегетациялық кезеңге арналған Қырғызгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес, Шу және Талас өзендерінің сулылығы нормадан 100-ден 120 %-ға дейін болжанған. Бірақ Киров, Ортотокой, Тасөткел су қоймаларына келіп жатқан судың толықтығына жүргізген мониторинг бұл болжамның расталмағанын көрсеткен. Ал қырғыз тарапы мұны бұл өзендердің сулылығы нормадан екі есе төмендігімен байланыстырған.

Осыған байланысты суды ұтымды пайдалану және егінді сақтау мақсатында Жамбыл облысының әкімдігіне су беру кезінде басымдықты айқындау, су айналымын және суару кезектілігін қатаң сақтау жөнінде нұсқаулық берілген.

Түркістан облысында да тапшылық бар. Сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келіп жатыр. Ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 млрд м3 су түседі деп күтілген, бірақ іс жүзінде 1,291 млрд м3 яғни 58% көлемде ғана су жиналған. Судың жеткіліксіздігіне байланысты Түркістан облысының әкімдігіне ылғал сүйгіш дақылдарды қысқартуды, сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш егуді алып тастау ұсынылған. Ескертпелерге қарамастан, егіндік алқаптары керісінше үлкейе түскен.

«Осыған қарамастан, ағымдағы жылы Түркістан облысы бойынша күріш егу алаңы 2022 жылға қарағанда 2,35 мың гектарға, яғни 1,5 мың гектардан 3,853 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, Мақтаарал және Жетісай аудандарында мақта егу алаңы бастапқыда жоспарланғаннан 5,29 мың гектарға, яғни 79,7 мың гектардан 84,990 мың гектарға дейін ұлғайтылды», дейді Комитет басшысы.

Сонымен бірге Сейілбек Нұрымбетов Қызылорда облысында да Шардара су қоймасына судың аз түсуіне байланысты шілде айында суармалы жерлерді, әсіресе, күріш дақылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша шиеленісті жағдайдың туындауы мүмкін екенін айтады. Өйткені мұнда да 2023 жылы күріш дақылын 83,9 мың га күріш алқабында егу жоспарланып, іс жүзінде 88,107 мың га еккен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 9,8 мың га артық.

«Біздің тарапымыздан әкімдікке күріш дақылын қысқарту бойынша ұсыныстар берілді. Бассейндік инспекциясымен тұрақты суару үшін суды пайдалану лимиті қысқартылды», дейді комитет өкілі.

Нұрымбетовтың айтуынша, Қазақстанның екі аймағында – Алматы облысы мен Жетісу облысы бойынша су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Осы облыстардағы барлық су қоймалар вегетациялық кезеңге бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеуде.