1,5 млн гектер жерге таралуы мүмкін шегірткемен күресуге 3,8 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
шегіртке
Фото: shutterstock

Биыл ел аумағында 1,5 млн гектар жерге шегіртке таралуы мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, оның 1,3 млн гектарына италиялық прус таралуы ықтимал. Республика бойынша италиялық прусқа қарсы өңдеу 1,1 млн га жерде немесе белгіленген аумақтың 85% аяқталды.  Өңдеу жұмыстары Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында толығымен аяқталды.

«Республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алу, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерді сатып алуға арналған 3,8 млрд теңге бөлінді», делінген хабарламада.

Бір күн бұрын Абай облысындағы Шаған ауылында 120 гектар жайылымда шегіртке бары анықталып, ол жер дереу өңделшен. Ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптары зардап шекпеген.

Ведомства ақпаратына сәйкес, шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу шегірткенің кесірінен өнімге жоғалу қаупі төнген жағдайда ғана жүргізіледі.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен пабликтерде таралған, Қостанай облысының аумағын шегіртке басып қалғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын ескертеді. Өйткені жарияланған бейнежазбаларда басқа елдерде түсірілген кадрлар жиі қолданылған.

Сонымен қатар, ведомства дерегінше шекара маңындағы аудандарда шегірткелердің жағдайы үнемі қадағаланып отырады. Өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес, Ресей Федерациясының, Қытай Халық Республикасының, Өзбекстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрліктерімен фитосанитарлық жағдай туралы үнемі ақпарат беріліп отыралы.

АШМ табын шегіртке зиянкестеріне қарсы жұмыстар уақтылы және сапалы жүргізу бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр деп сендірді.

Сондай-ақ оқыңыз