Фото: kursiv.media
Алматы қаласында жолақы тарифтері өзгеріп, баға 200 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. «Ашық НҚА» порталында осыған қатысты Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қаулысы талқыланып жатыр.
Қазіргі уақытта Алматы қаласында қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз төлеу тәсілімен төленген кезде 80 теңге мөлшерінде белгіленген. Тариф құнының мөлшері 2012 жылы белгіленген және бүгінге дейін өзгерген жоқ. Ал 2017 жылдан бастап қолма-қол ақшамен төлеген кезде жол жүру құны 150 теңгеге дейін көтерілді.
Тариф көтерілмегенімен жанармай бағасы да, басқа салалар да қымбаттаған. Соған сәйкес жыл сайын әкімдік бюджетінен бөлінетін субсидия көлемі де артқан.
«Соңғы 11 жылда тасымалдаушылардың шығындары барлық баптары бойынша құны айтарлықтай өсті. Мысалы, дизель отынының құны 90 теңгені құраған, ал бүгінгі күні 295 теңгені (+328%) құрайды, газдың құны 33 теңгені құраған, ал бүгінгі күні 108 теңге (+327%) мөлшерінде белгіленген. Автобустардың құнын қоса алғанда, қалған шығындар бойынша да осындай жағдай орын алып тұр. Бұл шығындар тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау көлемінде тікелей көрсетіледі. Мәселен, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе өсіп, 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін көбейді. Ағымдағы жылы субсидиялаудың болжамды көлемі бекітілген тарифке сәйкес шамамен 85,5 млрд теңгені құрады», дейді Алматы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.
Солайша, қоғамдық көліктегі тарифтің қолданыстағы құны сақталатын болса, субсидиялау мөлшері жылдан жылға ұлғайып, жергілікті бюджетке үлкен жүктеме түсіреді. Ал тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес тарифтің өз құны 425 теңгені құрайды. Соны ескере келе, тарифтерді көтергенді жөн деп санаған.
«Осыған байланысты, 2023 жылы тарифтің құнын қайта қарау және қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 100 теңге және қолма-қол төлеу кезінде 200 теңге мөлшерінде белгілеу қажеттілігі туындайды. Осындай жағдайда субсидиялаудың болжамды көлемі 2023 жылы 10 млрд. теңгеге қысқарады», дейді әкімдік өкілі.
Осы негіздерді алға тарта отырып, Алматы қаласы әкімдігінің «Қалалық қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға арналған тарифті саралау туралы» қаулысы дайындалған.
Оған сәйкес тарифтер «жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе көлік картасы арқылы немесе мобильді қосымша арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 100 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – 200 теңге» мөлшерінде бекітілген.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни 15 шілдеден бастап, алматылықтар жаңа тарифтер бойынша қатынай бастайды.
22 маусым күні Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алматы қоғамдық көліктерінде жолақы құны өзгеретінін айтқан болатын.