Алматының әлеуметтік осал топтарына коммуналдық қызметті төлеуде қолдау көрсетіледі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматыда халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатындағы адамдар үшін коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек қарастырылады. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.

«Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасына сәйкес жаңа тарифтік саясатқа көшу кезінде халықтың аз қамтылған топ мүддесі ескеріледі.

«Біз коммуналдық инфрақұрылымның әбден тозуы салдарынан тарифті көтерудің үлкен қажеттілігі бар екенін түсінеміз, бірақ бұл ретте Алматы әкімдігі үшін халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау қажеттігін ұмытпағанымыз жөн. 2023 жылдың мамыр айынан бастап Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша біз халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін өтемақы алгоритмін әзірлеуді бастадық, оны қала мәслихаты да қолдайды деп сенеміз», деді Бауыржан Жаубасов.

Спикердің мәліметінше, әлеуметтік көмек мөлшері 0,5 АЕК яғни 1725 теңгені құрайды. Осы мақсаттарға жыл соңына дейін 2 729 млн теңге, ай сайын 546 млн теңге қажет. Бұл қағида мәслихаттың бекітуіне 2023 жылдың 5 тамызына дейін енгізіледі. Бұл қағида ағымдағы жылдың соңына дейін қолданыста болады, одан әрі ұзарту 2024 жылғы бюджетті ескере отырып жүзеге асырылады.

Құжаттарды қабылдау және төлем жасау өтініш берушілердің шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы жүргізеді.

27 маусымда «Алматы Су» компаниясы Алматыда 1 шілдеден бастап судың бір текше метрі үшін 55,2 теңге және кәріздің бір текше метрі үшін 32,74 теңге деңгейіндегі жаңа тарифтер қолданысқа енгізіле бастайтынын хабарлады.

1 шілдеден бастап қалада жылыту ақысы да 20%-ға қымбаттайды.

Сондай-ақ оқыңыз