Апатты жағдайда жұмысын тоқтатқан МАЭК 7-шілдеде толық іске қосылады деп жоспарлануда

Жарияланды

Бұл туралы Әлихан Смайыловтың Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) сапары барысында мәлім болды. Үкімет басшысы комбинатты жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексеру үшін Ақтауға жұмыс сапарымен келді.

Естеріңізге сала кетейік, 3 шілде күні МАЭК- те апаттық жағдайда №1 энергетикалық блоктың жұмысы тоқтап қалған болатын. МАЭК Ақтау қаласының және Маңғыстау облысының басқа да елді мекендерінің тұрғындарын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кәсіпорынның тұщыландыру кешені ауыз су, ыстық және техникалық су береді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің дерегінше, МАЭК-тің негізгі энергетикалық жабдықтары өткен ғасырдың 60-90-шы жылдары пайдалануға берілген, оның тозу деңгейі 80%-дан асады.

Осыған байланысты әкімдік резервінен электр станциясының әбден тозған жабдықтарын, тұщыландыру қондырғыларының сорғы жабдықтарын және т. б. ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Ал,Үкімет бұл мақсатта 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөледі.

«Үкімет энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын арттырады. Әкімдік барлық өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тез арада қалпына келтіруі қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Ақпаратқа сйәйкес, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатыр.

«7 шілдеде энергия блогын толық жұмыс режиміне шығару жоспарланып отыр» , делінген хабарламада.

3 шілде күні МАЭК-те болған апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының және еліміздің батысындағы бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққан.

Жалпы, соңғы 2,5 жылда ҚМГ компаниясына қарасты мұнай-газ өндіру өндіріс орындарында электр қуатының үзілуінен жалпы 279 мың тонна мұнай өндірілмеген. Өндірісті қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығынды ескере отырып, жоғалтқан шоғырландырылған қаржылық пайда 60 млрд теңгеден асқан. 

Сондай-ақ оқыңыз