АҚШ елшісі Украина санкция салған қазақстандық компанияларға қатысты пікір білдірді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстан үкіметі АҚШ-қа санкциялық режимді бұзбайтынын, антиресейлік санкцияларды айналып өту алаңына айналмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Курсивке» АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм.

«Біз Қазақстандағы әріптестерімізбен санкцияларға қатысты барлық мәселелер бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз және Қазақстан санкцияларды бұзатын немесе санкциялардан жалтару алаңына айналмайтынын ашық айтты. Осы мәселелердің барлығы бойынша соңғы бір жарым жыл ішінде біз Қазақстанмен өте жемісті әріптестік орнаттық және үкіметпен тығыз жұмыс істеуді жалғастырамыз», деді АҚШ елшісі.

Оның айтуынша, АҚШ Қазақстанмен санкциялық режимнің сақталуына қатысты барлық аспектілерді, соның ішінде екі қазақстандық компанияның Украинаның санкциялық тізіміне енуіне қатысты мәселені талқылап жатыр. Дегенмен, Розенблюм бұл фактіге қатысты қандай да бір тергеу жүргізілетінін және америкалық биліктің ресми реакциясы болатынын айтқан жоқ.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев екі қазақстандық компанияның Украина санкциясына түскенінен хабарсыз.

«Мен ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Менде ондай ресми ақпарат жоқ… Қай жерде жарияланды? Ол ресми түрде жарияланды ма? Маған ресми түрде мұндай өтініш түскен жоқ», – деді 4 шілдеде Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы сыни материалдар саласындағы іскерлік әріптестік форумы аясында журналистердің сұрағына жауап берген ол.

Дегенмен, ИИДМ басшысы бұл тақырыпқа кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.

Еске сала кетсек, Украина президенті Владимир Зеленский 192 жеке тұлғаға және 291 заңды тұлғаға 5-10 жылға санкция қолдану туралы жарлыққа қол қойды. Санкция салынған компаниялар тізімінде екі қазақстандық компания бар. Біріншісі «ИТС-Астана» ЖШС болса, екіншісі «Қазақстан инжиниринг» әскери-өнеркәсіп кешенінің бұрынғы еншілес компаниясы – «Тыныс» АҚ.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та Қазақстан билігі Ресеймен Батыстың санкциялық талаптарын бұзбай, негізгі сауда серіктесі ретінде жұмыс істеуді жалғастыратын жүйе құра алатыны мәлімдеді.

ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымова қайталама санкция салынбас үшін қазақстандық банктер бүкіл талаптарды орындап жатқанын айтқан.

Ал «Ақжол» партиясының депутаттары Ресейге салынған санкцияны бұзған қазақстандық банктер мен компаниялардың атын атап, түсін түстеу керек дейді. Сонымен қатар олар Әлихан Смайылов бастаған үкімет Ресей Федерациясымен сауда-саттықта халықаралық санкцияларды сақтауға қатысты қандай шара қабылдап жатқанын сұрады. 

Мамыр айының ортасында Сыртқы істер министрі –Премьер-Министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақ өкілдерімен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ олар Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсерін талқылаған еді

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қайталама санкцияға іліну қаупін болдырмау үшін Қазақстан тарапы мұндай тауарлардың тізімін жіті тексеретінін мәлімдеді.   

Сондай-ақ оқыңыз