Қазақстанның «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытындағы мұнай экспорты 20 есеге жуық ұлғайды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Биылғы ІІ тоқсанда «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан тасымалданатын мұнай көлемі күрт ұлғайды. Бұл туралы «ҚТО» баспасөз қызметінен хабарлады.

«2023 жылдың II тоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау портында  Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша экспортқа 347,1 мың тонна мұнай жөнелтті», делінген компания хабарламасында.

Ал, бірінші тоқсанда осы бағыттағы қазақстандық мұнай экспорты 19,2 мың тоннаны құраған.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кенішінен Баку-Тбилиси-Джейхан мұнайы бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келісімге қол қойған болатын.

Сонымен қатар, биыл II тоқсанда «ҚазТрансОйл» Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға 37,9 мың тонна Ресей мұнайын жеткізді. І тоқсандағы көрсеткіш 10,7 мың тоннаны құраған болатын.

  Компания ақпаратына сәйкес, Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Өзбекстанға жеткізуді «ҚазТрансОйл» 2017 жылы бастаған. 2017 жылы транзит көлемі 67,9 мың тоннаны, 2018 жылы 36 мың тоннаны құрады. 2019-2022 жылдары Ресей мұнайы Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалданған жоқ.

Ұзындығы 5,4 мың км магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік ететін «ҚазТрансОйл» АҚ – ұлттық оператор және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді.  

Сондай-ақ оқыңыз