ITS биржасындағы сауда көлемі 12 млн долларға жуықтады
Маусым айында ITS сауда алаңындағы акциялар мен депозитарлық қолхаттар саудасының жалпы көлемі 11,9 млн долларды құрады. Бұл туралы жуырда құрылған биржаның баспасөз қызметі хабарлады.
Мәмілелердің саны – 2795. Олардың көбі Tesla, Marathon Digital Holdings, AMD, Coinbase Global, Exxon Mobil Corporation, Baidu, Virgin Galactic Holdings, MicroStrategy Incorporated, Li Auto, JD.com сияқты компаниялардың бағалы қағаздарына тиесілі.
Еске сала кетсек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясында орналасқан ITS жаңа халықаралық сауда алаңы маусым айының басында жұмысын бастады.
Сауда алаңы ресейлік брокерлермен және бағалы қағаздармен жұмыс істемейді.
Биржа бірінші кезеңде инвесторлар NYSE және NASDAQ биржаларында АҚШ-тың тізімінде тұрған 1500-ден астам акциялар мен депозитарлық қолхаттарды саудалайды.
Бағалы қағаздар нарығының қазақстандық ірі кәсіби қатысушылары – АХҚО-да аккредиттелген және тіркелген қаржылық делдалдар ITS-тің клиенттері бола алады.
Инвесторлар – жеке және заңды тұлғалар қазақстандық брокерлер мен банктер арқылы сауда жасауға мүмкіндігіне ие.
Биржада сауда-саттық басталғаннан кейінгі алты ай ішінде сайтқа шамамен 15 кәсіби қатысушы қосылады деп жоспарланған. Бөлшек инвесторлар ITS алаңындағы саудаға брокерлер қосылғаннан кейін ғана қатыса алады.
ITS халықаралық сауда платформасы 2023 жылдың 7 маусымында әлемдік қаржы нарығының ең өтімді бағалы қағаздарымен сауданы бастаған еді. Бірінші кезеңде NYSE және NASDAQ қор биржаларында америкалық листингтік 1570 акция мен депозитарлық қолхаттар инвесторларға қолжетімді болды.
Бағалы қағаздар бастапқы листинг валютасы – АҚШ долларымен саудаланды. Қазақстан теңгесін АҚШ долларына айырбастау ITS сауда алаңында аккредиттелген брокерлердің қызметі арқылы жүзеге асырылды.
Ацта кету керек, ITS-те ұсынылған халықаралық үлестік бағалы қағаздар Dow Jones Industrial Average, Nasdaq-100, S&P 500 және Hang Seng Index сияқты әлемдегі ең ірі индекстерге кіреді және жаһандық экономиканың 69 секторын қамтиды.