Түпкі құрылтайшыларының арасында Нұрали Алиев те бар компания бәсекелестік туралы заңнама талаптарын бұзғаны анықталды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қалалық департаментінің мәліметінше, белгілі бір операторлардан ауысқан жағдайда Интернет ақысына 100% жеңілдік беру туралы «Транстелеком» АҚ таратқан жарнама материалын тексеру барысында нарық субъектісінің бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру түріндегі жосықсыз бәсекелестік белгілері анықталған.
«Алматы Телекоммуникейшнс Қазақстан» АҚ түсірген шағымның аясында тексеріс жүргізіліп, Акционерлік қоғам жарнамалық материал таратқаны белгілі болды. Онда – Акционерлік қоғам 4 ай мерзімге Интернетке қосылу қызметтеріне 100% мөлшерінде жеңілдік ұсынған. Міндетті шарт — үшінші тарап операторларынан көшу, ауысып келу», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, «Транстелеком» компаниясының бұл әрекеттері Кәсіпкерлік кодекстің177-бабы 2-тармағының, сондай-ақ 186-бабының 9) тармақшасында көзделген нормаларын бұзу болып саналады.
Осыған байланысты, аталған компанияға аңбұзушылық белгілерін жою туралы хабарлама жіберілді.
«Акционерлік қоғам жарнамадағы науқанды жойып, хабарламаны орындады», делінген ақпаратта.
Қазақстан қор биржасындағы деректерге сәйкес, «Транстелеком» акцияларының 25%- Қазақстан темір жолы компаниясына, 75%- «UNIT TELECOM» LLP компаниясына тиесілі.
Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының дерегінше «UNIT TELECOM» LLP құрылтайшылары Нұрали Алиев және Дмитрий Покупателев. Компания алғаш 2014 жылы тіркеуден өткен. Негізгі қызметі интернет желісі арқылы телерадиобағдарламаларды тарату.