«Оператор РОП» ісі: 920 млн теңге иеленді деп күдіктенген бұрынғы құрылтайшы БАӘ-де ұсталды

Жарияланды
Фото: kaz-waste.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Оператор РОП ісі бойынша іздеуде жүрген жанның Біріккен Араб Әмірлігінде ұсталды.

30 маусым күні агенттік аса ірі мөлшерде қаражат жымқырды деген күдікпен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Муктарова Шнар Уралгазыновнаға халықаралық іздестіру жарияланғанын хабарлаған болатын.

«Ол Дубай қаласында ұсталып, Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдары қамауға алды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны экстрадициялау рәсімін жүзеге асыруда», делінген хабарламада.

Бұдан бұрын хабарланғанындай «Оператор РОП» ісі бойынша аса ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

«Қылмыстық іс аясында 2017-2018 жылдар аралығында Экологиялық кодекстің талаптарын бұза отырып, оған 920 миллион теңге мөлшерінде дивиденд түрінде заңсыз төленген кәдеге жарату алымының ақшалай қаражатын иеленген «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Муктарова Шнар Уралгазыновна күдіктелуде. Шнар Муктароваға іздеу жарияланды және оған қатысты сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», делінген еді 30 маусымдағы Агенттік ақпаратында.

Сонымен қатар, Агенттік күдіктінің орналасқан жері туралы ақпарат берген жанға 4 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін сыйақы уәде еткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз