Қазақстан теңіз флоты «Taraz» және «Liwa» жаңа танкерлерімен толықты

Жарияланды
танкер
Фото: КМГ

4 шілде күні Румынияның Галати қаласында қазақстандық теңіз флотына «Taraz» және «Liwa» мұнай танкерлерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» баспсаөз қызметі.

ҚМГ Мұнай тасымалдау және логистика департаментінің директоры Марат Орманов «Taraz» бен «Liwa» сатып алу арқылы Транскаспий бағытын дамытуға маңызды қадам жасалғанын айтты. Бұл танкерлерді сатып алу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылған.

Дедвейті 8 000 тоннаға жететін жаңа танкерлердің иесі – «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» бірлескен кәсіпорны. Оған «Қазтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен БАӘ-нің «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы иелік етеді.

«Кемелер голландиялық Damen концернінің Damen Shipyard Galati кеме жасау зауытында жасалған. Танкерлердің ұзындығы – 140 метр, ені – 16,7 метр, су тартуы – 4,2 метр, жылдамдығы – 10 торап. Танкерлер озық басқару жүйелерімен жабдықталған. Техникалық сипаттамалары сенімді әрі тиімділігін қамтамасыз ететін заманауи үлгіде жасалған. Танкерлер барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттарына, экологиялық талаптарға және қоршаған ортаны қорғауға сәйкес жасалған», делінген баспасөз хабралмасында.

Сондай-ақ, КМТФ пен «Damen Shipyards» Каспий теңізіне дедвейті 12 000 тонна болатын жаңа танкерлер мен әмбебап паромдарды салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Еске салайық, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан мұнайы Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша жөнелтіле бастады. Бұл бағыт бойынша жылына 1,5 миллион тонна көлемінде мұнай жөнелтуге болады. Қазақстан мен БАӘ мұнайды Ақтау-Баку теңіз жолы бойынша паритеттік негізде тасымалдайды. Алынған екі танкер қазақстандық тараптың жылына 750 мың тонна мұнай тасымалдауына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз