Тамыз айында базалық мөлшерлемені төмендету мәселесін қарастырамыз - Пірматов

Жарияланды

Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов тамыз кеңесінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыратнынын айтты.

«Біз инфляцияның төмендеуі базалық мөлшерлеменің төмендеуіне жағдай жасай бастағанын көріп отырмыз. Келесі шешім болжамдарды жаңартумен және жаңа деректерді талдаумен қатар жүргізіледі. Осыны ескере отырып, тамыз айында базалық мөлшерлемені төмендетудің орындылығын қарастырамыз», деді Пірматов.

Оның пікірі Ұлттық банк ставканы бесінші рет қатарынан 16,75 пайыз деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдағаннан кейін жарияланды. Базалық мөлшеремес мұндай рекордтық көрсеткішке өткен жылдың желтоқсан айында көтерілді.

Көктемде Пірматов Ұлттық банк мөлшерлемені жылдың ортасына дейін 16,75 пайыз деңгейінде ұстап, кейін ақша-несие саясатын жұмсарту мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеген. Бұл ретте реттеуші басшысы шешімдердің «бірқалыпты және сарабдал» қабылданатынын қадап айтты.

Жақында сарапшылар мен ұйымдар базалық мөлшерлемені төмендетуді қолдады. Олардың қатарында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы да бар, оның мүшелері 5 шілдедегі отырыста мөлшерлеме 16,5%-ға, ал келесі жылдың ортасында 13,5%-ға дейін төмендейді деп күткен.

Ұлттық банк ағымдағы шешімді базалық инфляцияның әлсіз баяулауымен, инфляциялық күтулердің өсуімен және мұнай нарығындағы құбылмалылығымен түсіндірді.

Өткен жылы Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені алты рет көтерген. Осылайша, көрсеткіш жыл соңында 10,25%-дан 16,75%-ға дейін өсті. Биылғы бес отырыс қорытындысы бойынша ҰБ мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырды.

15 маусымда Ғалымжан Пірматов Ұлттық Банктің екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастыратынын айтқан. Алайда, базалық мөлшерлеме төмендеген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз