Жаңалықтар

Тоқаев Астананы дамытуда Назарбаевтың еңбегін әділ бағалау қажет деп санайды

Фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болғанын, бұл орайда Нұрсұлтан Назарбевтың еңбегі ерекше болғанын айтты.

Жиынға келген бауырлас қалалардың басшыларына ризашылығын білдіре келе мемлекет басшысы:

«Биыл біздің елордамызға 25 жыл толып отыр. Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды», деді.

Дегенмен, астананы Сарыарқаның төсіне көшіру оңайға түспегенін, қаланың қазіргі жағдайға жетуі үшін көп жұмыс жасалғанын айтты.

«Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды», деді ол.

Халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім болғанын айтқан ол, тұңғыш Президенттің осы бастамасының жаңа ұлттық идеяға айналғанын атап өтті. Сол себепті Нұрсұлтан назарбаевтың еңбегіне әділ баға беру керектігін айтты.

«Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе», деді президент.

Мемлекет басшысы сонымен бірге елорданың заманауи келбетін қалыптастыруға Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілер атсалысқанын атап өтті. Сонымен бірге «Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Хан шатыр» кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түсіп, бас қаламыз «Астана опера», «Астана балет» сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылғанын тілге тиек етті. Осылайша «жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.