Түркияда маусым айында жылдық инфляция 39,59%-дан 38,21%-ға төмендеді, деп жазылған елдің Статистика институтының (TUIK) есебінде.
Бұл соңғы 18 айдағы ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
Маусым айында тұтыну бағасы мамырмен салыстырғанда 3,92%-ға қымбаттады.
Жылдық мәнде бағаның ең аз өсуі жылжымайтын мүлік секторында тіркелді – 14,7%. Ал киім мен аяқ киім 21%-ға қымбаттады. Қонақ үй және қоғамдық тамақтандыру секторында бағалар айтарлықтай өсті – 67,2%. Бір жыл ішінде денсаулық сақтау 65,7%-ға, азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 54%-ға дерлік қымбаттады. Білім саласындағы қызметтер ақысы 50%-ға дейін шарықтап кетті. Алкоголь мен темекі бағасы 40%-ға, көлік бағасы 20,75%-ға өсті.
Соңғы айда денсаулық сақтау саласында көрсеткіш небәрі 1,21%-ға қымбаттады. Маусым айында бағаның ең жоғары өсуі алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдері (11,13%), сондай-ақ көлік (7,96%) және қонақ үй шаруашылығы мен қоғамдық тамақтандыру (4,32%) саласында тіркелді.
Айта кететіні, өткен айда түрік лирасының құны тарихи минимумға жетті.
Долларға шаққандағы валюта бағамы 26 лираға дейін төмендеді. Көп ұзамай 22 маусым Түркияның Орталық банкі базалық мөлшерлемені 8,5%-дан 15%-ға дейін екі есе дерлік көтерді.
Соңғы рет реттеуші базалық мөлшерлемені 27 ай бұрын, 2021 жылдың наурызында көтерген болатын.
«Ақша-несие саясаты комитеті апта сайынғы репо-аукциондық мөлшерлемені 8,5%-дан 15%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Орталық банктің директорлар кеңесі дефляцияға тезірек қол жеткізу, инфляциялық күтулерді шоғырландыру және бағаның құбылмалылығын бақылау үшін ақша-несие саясатын қатаңдату процесін бастау туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады Түркияның Орталық банкі.
Оған дейін Түркияда жылдық инфляция 39,6%-ды құрады. Өткен жылы елдегі инфляция 86% деңгейінде болды. Онымен күресу үшін елдің Орталық банкі мөлшерлемені ұзақ уақыт көтермей, керісінше төмендетіп келді.
Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім Орталық банкітің жаңа әрі тұңғыш әйел басшысы Хафизе Гайе Эрканның қабылдаған алғашқы шешімі. Бұл қызметке маусым айының басында тағайындалған болатын