Бізде 5G-ді сынап көру 2021 жылы басталды. Егер шамамен бес жыл бұрын 5G мобилді байланыс жүйесін енгізу – әлі де анықтауды қажет ететін түсініксіз құбылыс болса, бұл қазір реалды жүйеге айналды. Қазірге дейін 155 ел мен аумақтағы 523 оператор 5G желісіне сынақ, пилоттық жоба, лицензия алу, жоспарлы және нақты орналастырулар түрінде инвестиция салды. 97 елдегі 249 оператор 5G коммерциялық пайдалануға беріп те үлгерді. Қазірдің өзінде жаңаша игілікті әлем бойынша миллиондаған адам пайдалана бастады.
Қазіргі уақытта 5G-ді енгізу үшін жиілік сатып алу белсенді жүріп жатыр. GSA дерегі бойынша, 2021 жылы аукциондар мен спектрді игеру көлемі 140,1 млрд долларға жеткен. Бұл 2022 жылғы деректен (37,7 млрд доллар) айтарлықтай жоғары. 2015 жылдың аяғынан бастап GSA талдаушылары 5G-ді пайдалану үшін жиілік диапазонын ашу мақсатында C-диапазон спектріне аукционға қойылған, берілген немесе ұзартылған 59 ел мен аумақты анықтады. 2022 жылдың тамызынан бастап Канада, Қазақстан, Черногория және Нигерияда аукциондар аяқталды.
Қазақстанда да мобилді интернетті енгізу және оның жылдамдығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өту керекпіз. Бізде 5G-ді сынап көру 2021 жылы басталды. 2022 жылдың 22-23 желтоқсанында Цифрлық даму министрлігі радиожиілік жолағын үлестіру бойынша аукцион ұйымдастырды. Алғашқы лот 3600–3700 МГц (100 МГц) радиожиілігі жолақтарында ұсынылса, екінші лот – 3700–3800 МГц (100 МГц) аралығында болды. Әр лоттың әдепкі бағасы 1,76 млрд теңге болған. Кейін олар 62,7 және 93,4 млрд теңгеге дейін көтерілді. Ал жеңіске «Кселл» АҚ жән «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС консорциумы жеткен еді.
Қазірдің өзінде Қазақстанның әр түкпірінен 5G иісін сезіп қаламыз. 2024 жылы беленді енгізіле бастайтын секілді. Бірақ… Көлденеңдеп кейбір түйткілдердің пайда болып жатқаны аңғарылады. Бұл туралы тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев айтты. Ол мемлекеттік аукционда мемлекеттік монополистің (Қазақтелеком) жеңіске жетуін абсурд деп бағалайтынын жеткізді. Оның айтуынша, аталған консорциум дивиденд төлеміне шығын келтіре отырып жиілікті сатып алды.
Мұны бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де атап өткен еді.
«Бірінші кезекте біз монополияндырудың әрі қарайғы тәуекелін көріп отырмыз. Біріншіден, бұл нарықта жеке оператордың пайда болу мүмкіндігінен айырылдық. Жеке инвестиция салу мүмкіндігі де жойылды. Өйткені әрі қарай 5G енгізу бойынша инвестицияны мемлекеттік компания жүзеге асырады. Тағы бір жағдай – 5G тарифтерді көтеру есебінен енгізілу тәуекелі туындайды. Бұған жол бермес үшін біз жағдайға, тариф қалыптастырушы операторлардың әрекетіне мониторинг жасаймыз», деген еді агенттік төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Ахметов.
Екінші конкурс кезінде Цифрлық даму министрлігі Қазақтелекомның бәйгеге қатысуын шектеуді ұсынды.
«Бір немесе бір жарым жылдан кейін Қазақстанда 5G жиілігі үшін тағы да аукцион өткізіледі. Біз өтінімдерді қарадық, олардың саны төртеу екен. Арасында Билайн және «Қазақстанның халықаралық телекоммуникациялық желісі» деген белгісіз консорциум болды. Талапкерлер ұсынған лоттың бағасын да білмедік. Айтарлықтай бәсекелі күрес болатынын министрлік түсінді. Бұл жақсы. Бір холдингтегі екі компанияның жеңуі монополияның иісін шығарып тұр. Бірақ біз тағы екі жиілік диапазонын шығарып, оларды аукционға қоюды жоспарлап отырмыз. 5G жиіліктерінің иелері аукционға қайта қатыса алмайды», деген еді вице-министр Асхат Оразбек.
GSA есебі бойынша, Қазақстандағы аукцион құны әлем бойынша орташа бағадан аспаған.
Дәл қазір Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және ЕАЭО елдерімен салыстырғанда Қазақстан 5G-ді дамыту бойынша көш ілгері тұр. Ал әлемдегі озық көрсеткішке ие мемлекет – Қытай. Бұл елдегі 5G-дің қамту деңгейі 60 пайызды құрап отыр. Сәуірдің соңындағы жағдай бойынша елде 2,73 млн базалық станция жұмыс істеуде, ал бесінші буын желісі болса префектур деңгейіндегі бүкіл қала мен қалалық аудандарды түгел қамтыған.
Біздің мемлекет 2027 жылға таман 5G республикалық қалалардың 75 пайызын және облыстық қалалардың 60 пайызын қамтиды деп жоспарлайды.